
Кеше Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттері арасында Құран жарысы болып өтті. Жұма намазына жиналған жамағат алдында жарыстың үш аталымы бойынша ақтық сайысқа суырылып шыққан тоғыз үміткер бақ сынасты. Айта кетейік, айтулы сайыстың алғашқы іріктеу кезеңіне «Әзірет Сұлтан» мешітінде дәріс алатын 67 шәкірт қатысқан болатын.
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің 5 жылдығына орай, ұйымдастырылып отырған Құран сайысында үміткерлер «Фил» сүресінен төмен; «Духа» сүресінен төмен және 30-пара бойынша білім жарыстырды. Шәкірттердің қасиетті Құран аяттарын қатесіз жаттауы мен қырағатына қарап, әділ бағасын беру «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, «Ғылмани мешітінің Бас имамы, қари Жұманазар Өсерханұлы мен «Астана» медресесінің ұстазы Алсаид Мұхаммед Ахмед Мұхамедтен құралған қазылар алқасына жүктелді. Қаумалаған жамағат алдында өз өнерлерін паш еткен бүгінгі шәкірттердің қай-қайсысы болмасын «жүзден жүйрік» шыққан білімділері болатын. Содан да болар, бірінен-бірі өткен талапты шәкірттердің арасынан жеңімпаз таңдау қазылар алқасына да оңайға соқпады. Дегенмен, бабы мен бағы қатар жанған жеңімпаздың есімі қазылар алқасының ортақ бағасы бойынша анықталып, арнайы сеттификаттармен марапатталды.
Атап айтқанда, сайыстың «Фил» сүресінен төмен аталымы бойынша жүлделі 1-орынды (20 000 теңге) Жүзжасаров Асылан иеленді. Ал, жүлде қоры 15 000 теңге болатын 2-орынға Рахметов Руфат жайғаса, Асқарбай Ақылбек 3-орынды (10 000 теңге) місе тұтты.
«Духа» сүресінен төмен аталымы бойынша мешіт шәкірттері арасында Исламиддинов Әсет жеңімпаз атанып, 30 000 теңге сертификатымен марапатталды. Ал, 2-орын жүлдесі (20 000) Ғабит Шахназарға бұйырды. 3-орынға табан тіреген Ағұнбай Ержолға 15 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.
Сайыстың ең күрделі аталымы – 30-пара бойынша үздік деп танылған Ниғматуллаев Сайдмұхаммед 1-орын иеленіп, 50 000 теңге сертификатымен марапатталды. Ал, 2-орын жүлдесі (30 000) Кеңесбеков Бектасқа бұйырды. 3-орын жүлдегері атанған Шәріп Оңғарбекке 20 000 теңге сертификаты берілді.














ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
13.05.2017
3750
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру