Сәуір айының 28-30 аралығында ҚМДБ тапсырмасы аясында Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы мешіттері «Ихляс» қайырымдылық Қауымдастығының еріктілерімен бірлесе отырып, «Алматы мешіттерінің Асары» атты шара өткізді. Аталмыш акцияның басты мақсаты – Қарағанды облысының су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге гуманитарлық жәрдем жинау болды.
Үш күнге созылған жұмыс нәтижесінде Алматы аудандарының орталық мешіттерінде 8 бөлімше ұйымдастырылып, жалпы есеппен алғанда 20 тоннаға жуық заттай жәрдем: киім-кешек, азық-түлік, тұрмыстық заттар, және 3,917,956 теңге қаражат жиналды. Оның арасында:
- Алматы Орталық мешіті – 1,325,140 теңге
- «Әл- Мәдина» мешіті – 142,195 теңге
- «Төле би» мешіті – 1,163,492 теңге
- «Бекет ата» мешіті – 227,747 теңге
- «Ақсай» мешіті – 351,113 теңге
- «Әбу Бакр» мешіті – 187,520 теңге
- «Орбита» мешіті – 288,213 теңге
- «Фирали» мешіті – 232,536 теңге
Бұған қосымша «Бекет ата» және «Әскер ата» мешіттері өз үлестерін қосып, бір жүк көлік азық-түлік пен бір жүк көлік киім-кешек жинап берді.
5 мамыр, Қасиетті Жұма күні ақсақалдардың баталарын алып, гуманитарлық жәрдем Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына аттанып кетті.
Алдыңғы жылғы алған тәжірибемізден ой тұтып, осы жолы жиналған қаражатты су тасқынынан зардап шеккен елді мекенге қаржылай көмек беруді ұйғардық. Қарқаралы ауданының басшылығы берген мәліметтерге жүгіне, өкілдеріміз Садовое ауылына аттанды. Ресми ақпарат бойынша Садовое ауылын 2015 жылы да су басқан, Алланың сынағы осы жылы да ауыл тұрғындарын айналып өтпеді. 62 түтіннен тұратын ауыл түгелдей су астында бірнеше күндер тұрған, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген.
Ат басын ауылға тіреген кезімізде ауыл тұрғындары үйлеріне оралып, тіршіліктерін қалпына келтіре бастаған екен. Акция барысында жиналған қаражаттың 165 000 теңгесіне Қарағанды қаласынан қосымша көрпе-жастықтар алынып, қалғанын Садовое ауылының 62 түтініне таратылды.
Асарға үлес қосқан мешіт қызметкерлеріне, «Ихляс» қауымдастығының еріктілеріне, Алматы қаласының тұрғындары мен мешіт жамағаттарына Алла разы болып, Қияметте таразыңыз осындай ізгі амалдарыңызбен ауырлансын, деп тілейміз.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі

.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру