
Ел басына күн туғанда, етікпен су кешкендер. Соғыс жасына жетпесе де, азаматтық ары, жігері толысқандықтан, қару асынып, ерте болса да, елін қорғауға аттанған ерлер. Ажалмен бетпе-бет келсе де, кері шегінбей, жазық далада жалаң қолмен де жауға қарсы шабуылға шыққандар. Жаудан жерін қорғап, жанын беріп, жеңісті жақындатқандар, бізге бүгінгі бейбіт күнді тарту еткен боздақтар, батырлар, есімдері мәңгі өшпейтін өр де өжет тұлғалар.
Биыл Рақымжанның Рейхстагқа тіккен жеңіс туының желбірегеніне 72 жыл толды. Қан майданға Ақтөбеден, өзге өңірлерден аттанып, еліне аман оралғандардың ішінде бүгінде облыста көзі тірі 95 соғыс ардагері қалған.
Мереке күні Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлерін зиярат етіп, оларға өкіл имамның құттықтауын жеткізді. Атап айтқанда, Досмұратов Сұлтан, Тухтабаев Ғизат, Аманбаев Нажимедин ата мен Лоткова Вера және Шұғыла есімді әжейдің шаңырақтарына барып қайтты. Қарияларға құрмет білдірген мешіттің наиб имамы Мұрат Досаналиев, ҚМДБ «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің облыстағы өкілі Асылхан Темірханов және «Рақым нұры» еріктілер тобының мүшелерінен құралған жастар бұл күні бес бірдей ардагердің амандығын біліп, оларға өкілдік атынан әзірленген сый-сияпаттарды ұсынды. Жеңісті күнді жақындатып, келешек ұрпаққа бейбіт күнді сыйлаған ата-әжелеріне шексіз алғыстарын білдірді.
«Зеңбіректің түтіні тимеген тынық аспан, тыныш заманды тарту еткендіктеріңіз үшін сіздерге мәңгі қарыздармыз», - деді облыстағы жастар өкілі Асылхан Нұртайұлы.
Ардагерлер де жастарға бата-тілектерін жаудырып, соғыс жылдарындағы оқиғаларды, майдан даласында жау шебіне қарсы шайқасқан ерліктерін баяндады. Ғасырға жуық ғұмыр кешсе де, оқ кезенген жаттың суық жанары, зеңбіректің ащы даусы, жауды шегіндірген жойқын шабуылы, жаралы жауынгердің жақындарына жазған хаты мен жеңіс күнін зарыға күтуі – бәрі де лентаға жазылған ескі кинофильмдей жадында жатталып қалған ардагерлер өткенмен жастарға өнеге болуы үшін бөлісті. Ал жанарларында «келешек ұрпақ мұндай зұлматты мүлдем көрмесін» деген зор тілек жатты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.05.2017
3565
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру