Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфтидің жүлдесі үшін белдесетін ақтөбелік палуандар анықталды (ФОТО)

08.05.2017 3467 0 пікір

6 мамыр күні Ақтөбе қалалық "Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде" мешіт жамағаттары арасында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен IV республикалық турнирдің облыстық іріктеу сайысы өтті.

Онда қала және аудан мешіттерінен қатысуға өтініш білдірген 14 палуан өзара сынға түсті. Оларға қазақ күресінен Ақтөбе облысы бойынша ерлер арасында бас бапкер, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Бақтыбай Кеңесұлы, қазақ күресінен Ақтөбе облысы бойынша жастар арасында бас бапкер Нұржан Талжанов және "Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің" бапкерлері Мейрамбек Абишев, Азамат Жалғасов төрелік етті. Сайыс басында мемлекеттік Гимн шырқалып, өкіл имам Төлеби Оспан палуандар алдында құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. Ұлттық спортымызды ұлықтап, жамағат арасындағы салауаттылықты насихаттаған мұндай мақсаттағы игі шаралар жалғасын табатындығына сенім білдірді. Сайысты тамашалауға шараның құрметті қонағы облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов те қатысты.

Сондай-ақ, сайысқа қатысушылар мен көрермендерге шағын фуршет ұйымдастырылып, ыстық кофе, дәмді бөлкелер мен тәтті тағамдар  ұсынылды.

Орта есеппен 80-95 келі салмақ дәрежесінде белдескен көк және қызыл белбеулі палуандардың ойыны тартысқа толы болды. Ойынды тақымын қыса тамашалаған көрермендер барлық ойыншыларға бірдей жанкүйер болып, шаршы алаңға шыққан спортшыларға қолдау білдіріп, қолпаштап отырды. Бірі ұтқыр әдісімен ұтып кеткен, енді бірі ширақ қозғалып, шебер қорғану арқылы қарсыласының жауырынын жерге тигізген палуандардың кіл мықтылары ғана ақтық сайысқа өтті. Соның ішінде, соңғы айналымға өткен Темір, Мұғалжар, Байғанин және Шалқар аудандарының төрт майталман спортшылары өзара белдесіп, Бас жүлде үшін сынға түсті.


Нәтижесінде, тартысты бәсекеде көк белбеулі қарсыласына есе жіберген мұғалжарлық балуан Ерлан Көзбағаров төртінші орынға табан тіресе, шалқарлық Иса Нұржан ІІІ орынды иемденді. Темір ауданының палуаны Дархан Орынбаев ІІ орынға ие болды. Ал ақтық мәреде айқын басымдық көрсеткен Байғанин ауданының балуаны Төлеужан Жолмұханов іріктеу сайысының жеңімпазы атанып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Сайыстың белгіленген жүлде қоры бойынша І орынға 70000 теңге, ІІ орынға – 50000, ІІІ орынға – 30000 және ІV орынға – 20000 теңгелік арнайы сертификаттар мен өкіл имамның атынан Мадақтамалар табысталды. ІV Республикалық турнирге жолдама алған төрт палуан ақтық мәреде облыстың абыройын қорғап, Бас мүфтидің жүлдесі үшін белдесетін болады.

Сайысқа белсене қатысқан өзге спортшылар да Мадақтама қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ, сайысты ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысып, мешіт жамағаты арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар - облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлына, қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Мақсат Зейнуллаұлына және бапкерлер мен төрешілерге де арнайы Алғыс хаттар табысталды.

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру