Алматы облысы Алакөл ауданында қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс сәні мен сәулеті жарасып, күмбезі күнмен таласқан зәулім мешіт ашылып, құбыласынан жаңылып көрмеген қазақ жамағаты бөркін аспанға лақтырып, шүкірлік етіп қуанды. Құлшылық үйінің салтаннатты ашылуын Талдықорған қаласының өкіл имамы Серікхан қажы Рымханұлы қасиеті Құран Кәрім оқумен бастады. Аудан әкімі Жақанбаев Әлібек Әскербекұлы жиналған мұсылман қауымын Алланың жердегі ақ үйі Алакөл аудандық орталық мешітінің ашылуымен құттықтап, руханият ордасының бой көтеруіне ат салысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары найб мүфти, «Нұр-Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған қауымды айтулы шарамен құттықтап, шарапаты мол батасын берді. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген болатын. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналып, жамағатқа рухани азық бере берсін. Құрметті бауырлар, біздер қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Құлшылық жасауға барлық азамат құқылы. Құдайға құл, адамға ұл болуды, имандылықты ту етуді мақсат тұтуымыз керек», - деген наиб мүфти мешітке ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан сыйлық тарту етті.
Жаңа ғибадат ордасының жер көлемі 1 гектар аумақты құрайды. Жалпы, құлшылық үйінде бір мезетте 1 мың адам маңдайын сәждеге тигізу бақытына ие бола алады. Аудан орталығында орналасқан мешіттің құрылыс сәулеті ұлттық нақышпен тұрғызылған және бір мұнарасы, намаз оқитын залы, екі дәрісханасы, бір үлкен әйелдер залы және имамдар бөлмелері бар.
Келесі кезекте наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған жамағатты бір ауыз сөзбен ұйытып, санатты ойдан сапалы сөздер сапырып «Ислам - бірлік пен бейбітшілік діні» тақырыбында жұма уағызын айтты. Артынша, мешіт құшағына сыймай жиналған жұртқа ақ дастархан жайылып, ас берілді.
ҚМДБ Талдықорған өңірі баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.05.2017
5645
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру