Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Оқуымды бітіріп, жұмыс жасасам, мен де мұқтаждарға жәрдем берер едім...»

29.04.2017 3540 0 пікір

Оқуының ақысын төлеуге көмек сұрап, өтініш білдірген колледж студенті Маликаның мешіт имамының атына жазған өтінішінің соңындағы осы бір сөзі ерекше әсер етті.

Отбасының қиын жағдайын, қант диабетімен аурухана кереуетінде жатқан анасының ауыр халін айтқан қарагөз қарындасымыз қазір қаладағы колледждердің бірінде оқиды. Соңғы курста білім алып жатқан оның оқуының ақысын төлеуді жағдайы көтермейді. Осы уақытқа дейін оқудың сырттай бөліміне ауысып, жұмысқа тұрып, өз нәпақасын өзі айырғанымен, қазір анасының күтіміне байланысты жұмыс жасай алмайды.

Қаршадай болса да, қайратты қыздың көзіндегі мұңын, қиын жағдайын көріп тұрып, оған бей-жай қарай алмадық. Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (мағыналай) жеткен хадисінде де «Алланың Өзі де дұға қылып, көмек сұраған құлының қолын бос қайтаруға ұялады» демей ме?!

Жаны жомарт жандардың жәрдемімен қарындасымызға 40 000 теңге көлемінде көмек көрсетіліп, игі іс «Нұр ғасыр» облыстық орталық мешітіндегі «Сен де үлес қос!» акциясының аясында жүзеге асрылды. Алайда, бұл оқу ақысының бір бөлігін өтеуге ғана жеткілікті. Ал оқу ақысын толықтай төлеу үшін әлі 100 000 мыңға жуық қаражат керек болатын. Сондықтан, «Көп түкірсе, көл» демекші, арамыздағы жомарт азаматтардың жәрдемі тиер деген ниетпен, жамағатты жақсылық жасауға үндеген болатынбыз. 

Аллаға шүкір, арамызда қарындасымыздың қиын жағдайы туралы естігеннен кейін оған жанашырлық білдіріп, жәрдемін тигізер жан табылды. Бір өзі қажет соманы өтеп берген кәсіпкер бауырымыз «Нұр ғасыр» облыстық орталық мешітіндегі «Сен де үлес қос!» акциясына үлес қосып, қарындасымыздың оқу ақысын толықтай төледі және ер азаматқа тән мәрттік танытты. Колледждің соңғы курсында оқитын Маликаның жүзіне қуаныш ұялатып, оның болашақта білікті маман болып, қызмет етуге деген сенімін нығайтты.


Алланың адалынан ризықтандырып, бұйырған дәулетінің бір бөлігін садақаға жұмсаған жанның Жаратқан игі ісін зор сауаптан  жазып, Алланың құзырында қабыл болған садақалардан етсін деп тілейміз.

Ағымдағы аптада акция аясында Жақсыбек Әлімбаев есімді бауырымызға да 8000 теңге көлемінде жәрдем берілді. Бұл оның Астана қаласына ем алуға баратын ұлының жол шығындарына жұмсалады.  

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру