Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имамдар мен зиялы қауым өкілдері Елбасы мақаласын талқылады (ФОТО)

28.04.2017 3404 0 пікір

Кеше «Капитал Плаза» бизнес орталығының конференц залында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспан, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі, мешіт ақсақалдары, қала, аудан имамдары, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы мен аудандық ішкі саясат бөлімдерінің мамандары қатысты.

«Елбасы мақаласы – рухани кемелденудің кілті» тақырыбында өткен ой-пікір алаңында Мемлекет басшысының жуырда жарияланған мақаласының маңызды тұстары мен көтерілген күрмеуі күрделі мәселелер талқыланды.

Мақала мазмұнында басымдық беріле айтылған жаңғырған қоғамның рухани кодын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрді дәріптеуге қатысты пікір білдірген облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов қоғамдағы бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың қажеттілігіне тоқталып өтті. Соның ішінде, материалдық өнімдер тұрғысынан ғана емес, ең бағалы ресурс саналатын – адамның білікті маман ретінде қабілетімен де, ойымен де оқ бойы озық тұруына Елбасының  ерекше мән бергендігін жеткізді.


«Елбасы жүктеген міндеттер – рухани жаңғыру жолындағы жоспарлы қадамдар» тақырыбында баяндама жасаған өкіл имам Төлеби Оспан өткен аптада Елбасы қабылдауында болған кездесу жайлы және онда көтерілген негізгі алты мәселе төңірегінде сөз өрбітті.  Атап айтқанда, құрлық асып келген келімсек ағымдарға еруші жастардың әрекеттеріне тосқауыл қою, деструктивті ағымдармен күресті күшейту, оған жауапты құрылымдардың бірлесе әрекет етуі және білікті базамен қамтылуы, оған қоса патриоттық, рухани бағыттағы тәрбие жұмыстарын жандандырып, бұл бағытта  ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану мәселелері. Өз сөзінде Мемлекет басшысын өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырғандығын айтқан өкіл имам мына бір мәселеге ерекше мән артты. Өңірді жоғары білімді діни кадрмен қамтамасыз ету мәселесі бірер жылда толықтай шешімін табады деуге негіз бар. Бүгіннің өзінде бұл түйткіл өңірге мамыр айында тартылатын мамандарды қоса есептегенде, 65 пайызға толмақ.

Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әлізақ Низамитдинов, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетiнің президенті Бекежан қажы  Аханұлы, өзге ақсақалдар да пікірін ортаға салып, мақалада қамтылған мәселелердің маңыздылығын алға тартты.

Жуырда өткен ІІ Республикалық имамдар форумы жүктеген жаңа міндеттерді баяндаған Темір аудандық «Досжан Ишан» мешітінің Бас имамы Мадияр Пірімқұлов форумнан алған әсерімен бөлісті. Келелі кеңесте қос құжат – «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасы мен «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы исламның дәстүрлі жолы» атты ұстанымның қабылданғандығын айтып, бұл құжаттардың имамдардың алдағы жұмыстарының бағдары ретінде басшылыққа    алынатындығын жеткізді.

Ортақ мүдде төңірегінде ой-пікірлері тоғысқан дөңгелек үстелдің қатысушылары Елбасы нақтылаған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін жұмыла жұмыс жасау керектігіне көз жеткізді.

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру