
Кеше «Нұрлы мінбер - 2017» атты имамдар байқауына облыс имамдары арасында іріктеу сайысы өтті. Өкілдіктің жылдық жұмыс жоспарында бекітілген білім байқауына қала және аудан имамдарының арасынан алты имам қатысып, өзара бақ сынасты. Ал ойыншыларға байқау барысында «Ақтөбе медресесі» колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков, колледж ұстазы Нұрлан Мұрат және Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев төрелік етті.
Алты айналым бойынша білімдері таразыланған сайыскерлер «Сәлем – сөздің атасы» атты алғашқы айналымда өздерін өлең жолдарымен таныстырып, сәлемдесті. Сондай-ақ, қазылар алқасына ҚМДБ-ның төрт бағыты аясында атқарған жұмыстарының слайд шоу түрінде әзірленген есебін тапсырып, жылдық жұмыстарын таразылады. Әр жұмысқа максималды 10 балл берілді. Имамдар арасында сөз саптауы мен өлең жолдарының ұйқасы шебер сақталған Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Такеевтің сәлемдесуі қазылар алқасы және көрермендер тарапынан да жоғары бағаланды.
«Бәйге» айналымында білімдері ғана емес, ойдың ұшқырлығы мен қолдың шапшаңдығы қатар сыналған имамдарға барлығы 30 сұрақ қойылды. Сайыс кезінде терминдерге түсінік беру, оның шариғи үкімін талдап, Құран мен хадистерден мысал келтіру сынды сауалдар көптеп қамтылды. Әрбір дұрыс жауаптың толықтығына қарай шекті мөлшері 10 баллға дейінгі баға беріліп отырды.
![]()
Үшінші «Полиглот» айналымының шарты бойынша сайыскерлер ұсынылған 10 мақал-мәтелдің әрқайсысында жасырынған сөздерді тауып, олардың орыс, ағылшын және араб тілдеріндегі баламаларын берді. Әрбір дұрыс берілген баламаға 5 баллдан есептелінді.
Имамдардың діни білімді игеруінен бөлек шет тілдерді меңгеру қабілеттерін де қатар сынаған аталмыш айналымда ұпай саны төмен бір сайыскер ойыннан шығарылды.
«Жеті жарғы» кезеңінде жеті түрлі ұяшықта күрделілігіне қарай 10, 20, 30 және 40 баллдық сұрақтар жасырылды. Атап айтқанда, «Ақида», «Фиқһ», «Құран», «Ислам тарихы», «Тұғырнама», «Имамның тұлғалық келбеті» және «ҚР Конституциясы» бойынша барлығы 28 сұрақ қойылды. Тартысқа толы бұл кезеңде сұраққа ұтқыр жауап бергендер де, ұпайынан қағылып, қалыс қалғандар да болды.
Келесі кезеңге өткен төрт имам берілген 8 тақырыптың ішінен өздері таңдаған тақырыпта уағыз айтты. Соның ішінде, «Қарт ата-анаң – шаңырағыңның қасиеті», «Сабыр – алғашқы соққыда», «Бақытты жанұя – ел тірегі» және «Тексізден туылған некесіз нәресте немесе зинаға жақындамаңдар» тақырыптары таңдалды. Уағыз барысында имамның ойын тыңдарманға тиянақты жеткізе білуі, тақырыпты толық ашуы, шариғатты жетік білуімен қатар оның шешендік өнері, сөйлеу мәнері де бірдей ескерілді.
![]()
Бес айналымның қорытындысы бойынша, қарсыластарынан оза шапқан қос ойыншы – облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті және Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамдары Асылхан Темірханов пен Алтынбек Хусаинов ақтық мәреге жетті. Бұл айналымда олар «Елімізде сәләфизмге заң жүзінде тыйым салу қажет пе?» тақырыбында пікір таластырып, жақтаушы жақ бұл тұжырымды қолдаса, даттаушы тарап қарсы уәжін білдірді. Бір-біріне сұрақтар қойып, мәселеге қатысты нақты ұсыныс-пікірлерін, оны шешу жолдарын айтты. Нәтижесінде өз пікірін ашық білдіріп, нақты дәлелдермен қуаттай білген жақтаушы тараптың күші басым түсті.
Алты айналымның қорытындысы бойынша өзге ойыншылардан білімімен баса озған Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Алтынбек Хусаинов І орынды жеңіп алды. Ал қарсыласына аз ғана ұпаймен есе жіберген Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Асылхан Темірханов ІІ орынға, Темір аудандық «Досжан Ишан» мешітінің Бас имамы Мадияр Пірімқұлов ІІІ орынға ие болды. Үздік үш ойыншыға өкіл имам Төлеби Оспанның атынан І, ІІ және ІІІ дәрежелі Мадақтамалар және 50 000, 30000 және 20 000 теңгеге арнайы сертификат табысталды. Ойынға белсене қатысқан Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Такеев, «Бақытжан» мешітінің Бас имамы Білімжан Қосжанов және «Досжан Хазірет» мешітінің Бас имамы Азат Аймағамбетов Алғыс хаттармен марапатталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.04.2017
3950
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру