
Миләди жыл санауы бойынша 571 жылдың 20 сәуірі – Пайғамбарлардың мөрі болған ардақты Алла Tлшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген күні. Туған күн тойлауды Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі өсиет етпеген әрине. Әйтсе де, аталмыш күнді арнайы атап өтпесе де, Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еске алу мақсатында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағаты бұл күні ерекше басқосу ұйымдастырды. Мешіттің әйел ұстаздары таным сабақ өткізіп, діни сауат ашу курсының шәкірттері сияр іліміне қысқа шолу жасады, білімдерін пысықтады.
Екі дүние сардарының өмірбаянынан деректер келтіріліп, мешіт ұстазы Диляром Бектаева тақырып аясында викториналық ойын өткізді. Сұрақтар күрделілігіне қарай топтастырылып, шәкірттер сауалдарға жауап беріп, жарысты.
Бұдан бөлек ислам тарихына шолу жасалып, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзімен көрген ер және әйел сахабалардың ислам жолындағы, Алла жолындағы жанкештілігі туралы айтты. Әңгіме барысында әйгілі төрт халифаның дәуірі, олардың исламның дамуына қосқан үлесі, одан бөлек хадистерді риуаят етіп, жеткізуші, мәшһүр, ғалым сахабалардың өмірі, өнегесі насихатталды. Соның ішінде, тақуалықтарымен танылған Хадиша, Айша (оларға Алла разы болсын) аналарымыздың өміріне ерекше тоқталып кетті.
Ақшам намазына дейін жалғасқан танымдық сабақ соңында білімімен басып созып, мейлінше көп сұрақтарға жауап берген шәкірттерге табиғиндер туралы тамаша кітап сыйлыққа берілді.
Құлшылықты имамға ұйып, жамағат болып оқыған әйелдер қауымының арасында бейсенбі күнгі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне амал етіп, ауыз бекіткендер де болды. Осыған орай, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің Бас имамы Төлеби Оспанның қолдауымен мешіт асханасында ауызашар ұйымдастырып, ыстық тамақ берілді. Шәкірттер де дастарханды дәмге толтырып, көңіл де, көз де тойған тамаша отырыс болды.
Дастархан басында мешіт ұстазы Кенжегүл Қошқарова шәкірттермен бірге тақуа жарысын ойнап, олардың білімдерін тағы бір таразылады, тақуалықтарын сынады. Соңында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу хұтпасы оқылып, он төрт ғасырдан бері өшпестей сақталып келе жатқан өсиет көпшілікке көп ой түйдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.04.2017
3452
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру