«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде «Әйелдер-қыздар» секторының аға ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызының ұйымдастыруымен «Иман нұры» атты интеллектуалды сайыс өтті.
«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қабаев құттықтау сөзінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйел кісіге парыз», - екенін айта келіп, мұсылман әйелдері үшін білім алудың үлкен маңыздылығын атап өтті. «Сонымен қатар ескеретін жайт, қазіргі кезде жат ағымдарға еріп, адаспау үшін білімді тек қана мешіт ұстаздарынан алу қажет», - деді наиб имам.
Қарлығаш Талқанбаеваның айтуынша, бұл іс-шараны өткізудегі мақсат - қазақ қыздарына діни тәрбие бере отырып, адамгершілікке, имандылыққа, рухани тазалығын сақтауға уйрету, шәкірттердің өз дініне деген сүйіспеншілігін арттыру. «Қазіргі кездегі әйелдердің жасап жатқан көптеген қателіктері, адасушылығы білімсіздіктен болып жатады. Дінді білмейтін, имандылықты мойындамайтын әйелдердің қандай болсын амалдарында не берекет, не жақсылық болмайды», - дейді Қарлығаш ұстаз.
Іс-шараға «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің әйелдер мен қыздарға арналған курстарының 6 тобы қатысты. Сайыс үш кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде командалар өздерін таныстырды. Екінші кезеңде әр топ әйел адамға қатысты 20 хадисті жатқа айтып, оларды өмірде қалай қолдану керектігін түсіндірді. «Білгенге маржан, білмеске арзан» атты үшінші турда қыздар адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты өміріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Білім сайысын тамашалап келген көрермендер арасында да арнайы сайыс өткізілді. Олар Алла Тағаланың көркем есімдері жөнінде қойылған сұрақтарға жауап беріп, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Шәкірттердің білімін бағалауға әділ-қазылар құрамында қалалық «Ақмешіт» мешітінің ұстазы Сабина Негманова және ұлағатты ұстаз, мешіттің үздік шәкірті Зейнеп Хамидоллақызы атсалысты. «Жастардың ынтасына, білім деңгейіне қарап шын жүректен қуанып отырмын. Бүгінгі білім жарысынан тек қана қыздар емес, барлығымыз да үлгі алып, білімімізді кеңейтіп, ғибрат алдық. Бұл, әрине, ұстаздардың үлкен еңбегінің нәтижесі», - дейді Зейнеп апай.
Сайыстың қорытындысы бойынша, «Нұр-Ай» командасы бірінші орынға ие болды. Екінші орында – «Ниса» тобы. Үшінші орынды «Раян» тобы иеленді. Ал «Аңсар», «Айша», «Илхам» топтары сайысқа белсенді қатысқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды. Байқауға қатысқан 24 шəкіртке мадақтау қағаздар, алғыс хаттар және сыйлықтар табысталды.
«Ниса» тобының құрамында қатысқан Балнұр Зұлпыбекова: «Құран кітабын жүлде ретінде алу – біз үшін ең қымбат сыйлық. Осы сайыста ең бастысы иеленген орын мен жүлдеде емес, ең бастысы алған іліміміз», - деп өз қуанышымен бөлісті.
Жанкүйер болып қатысушыларды қолдап келген апайлар мереке соңында асханада 60 адамға дастархан жайды. Дастархан басында ұстаз Ақерке Тұрғанбайқызы: «Бүгінгі сайысқа қатысқан жас қыз ертең ана, бір отбасының ұйытқысы, тәрбиешісі болады. Сондықтан осы əйелдерге қатысты айтылған хадистерден ғибрат алып, соған амал жасаса, нұр үстіне нұр», - деп тілегін жеткізді.
Ал, апайлар ұстаздар мен шәкірттерге ақ бата-тілектерін жаудырып, асыл дініміз бен ұлттық ерекшеліктерімізге арналған осындай тәрбиелік іс-шаралардың өтуінің маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені иманды, ақылды, тəрбиелі қыздар – халқымыздың ортаймайтын құнды қазынасы.
«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.04.2017
4095
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру