Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚТӨБЕ: "Нұрдаулет" мешітіне жаңа имам тағайындалды (ФОТО)

11.04.2017 4435 0 пікір

Алланың үйінде қызмет ету деген үлкен аманатты арқалап, оны абыроймен атқара білу - зор жауапкершілікті жүктейтін ауыр міндет. Әйтсе де, бұл барлық мақтау, мадақ Иесінің тек сүйікті құлдарына ғана нәсіп ететін сауапқа толы нығметі.

Жуырда дінге жанашыр тағы бір бауырымызға жауапты міндет жүктеліп, Ақтөбе қаласындағы «Нұрдаулет» мешітіне Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Бас имам тағайындалды. Өкіл имам Төлеби Оспан жұма күні жаңа имам Дариев Алдияр Жанәділұлын жамағатқа таныстырып, оның жауапты қызметіне сәттілік тіледі. Алла дін жолында абыроймен еңбек етуін нәсіп етсін дей келе, жамағат бірлігіне бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруды, дәстүрлі дін құндылықтарын дәріптеуді ескертті. Сондай-ақ, жамағатты ҚМДБ жуырда бекіткен мешіттің ішкі тәртіп, ережесіне бойұсынуға, мешіт имамына, дін қызметкерлеріне тиісті құрмет көрсетіп, жамағат ауызбіршілігін сақтауға шақырды.  Мешіт ақсақалдары да жас имамға халықтың қызметінде жүріп, елдің ықыласына бөленсін деген ізгі тілектерін жаудырып, баталарын берді.

ҚМДБ сараптамасынан өткен жаңа имам Алдияр Жанәділұлы 2001-2005 жылдар аралығында Шымкентте медреседе оқыған. Қазіргі таңда ол Ресей Ислам Институтының теология факультетінің сырттай бөлімінде білім алып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында «Нұрдаулет» мешіті ҚМДБ филиалы болып тіркелген болатын.

Қасиетті күнгі ұлы құлшылықтың алдында мешітте мұсылманның болмысы мен бейнесі, амалына жарасар әдемі әдебі туралы уағыз-насихат айтылып, хұтпа оқылды, жамағат бір сапта тұрып жұма намазын оқыды.

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр-Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру