
Ақтөбелік «Әйелдер-қыздар» секторының игі дәстүрге айналған жексенбілік уағыз жүргізу үрдісі үзілмей жалғасып келеді. Апталық уағыз бұл жолы «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» тақырыбында өрбіп, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Қошқарова мешіттің сауат ашу курсының шәкірттеріне тал егудің сауапты іс екендігі туралы пайдалы уағыз-насихат айтты. Көшелердің бойына көшет отырғызып, тал егудің, бөлмелерде үй өсімдіктерін өсірудің денсаулыққа да тигізер пайдасы мол әрі көз тартар әсемдікке қосқан үлес болатындығын түсіндірді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) да өз кезегінде тал егіп, тіршілікті жаңартуды өсиет еткендігіне тоқталып, Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадистерінен мысалдар келтірді. Оның бірінде сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет-қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн», - деп өсиет еткен болатын.
Хадиске амал еткен әйел, қыз-келіншектеріміз уағыз соңында, ыдыстарға гүлдер отырғызып, сауапты іс жасады. Ал, оған атсалысқан әрбір шәкірттің жанарында бөлменің ауасын тазартып, өкпеге қажет оттегімен байытып қана қоймай, бөлме ішіне көз сүйсінер көрік сыйлап, жұпар иісі жанды жадырататын тіршілік иелерінің тамыры тез бекісе екен деген тілек жатты. Шағын ыдыстың ішіне сыйып кеткен тіршілік иелеріне жан бітірген Жаратушының құдіретіне, кіршіксіздігіне мадақ айтқан, мұсылманның мойынсұнушылық қасиеті көрінгендей болды.
Әрдайым көгіміз көп, көңіліміз тоқ болсын!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.04.2017
4179
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру