
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел шәкірттері кеше қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, Қосшы елдімекенінде тұратын Батқалова Марал Елтайқызына көмек көрсетіп қайтты. «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағатына ұстаздық етіп, имандылық пен ибаға үйреткен Эльмира Бұхарбаева, Өмірбекова Әлия, Абдраманова Аягөз ұстаздардан дәріс алатын шәкірттер өзара қаражат жинап, ауырып жатқан ананың жағдайын сұрап шықты.
Үлкені енді ғана университет табалдырығын аттаған Марал Елтайқызының 8 баласы бар екен. Аналарының науқастанып жатқанына көп болғанын үй ішін жайлаған көңілсіздіктен-ақ байқауға болады. Дегенмен, қолдарына тәтті базарлықтарын толтыра келген қонақтарды көргенде, үйелмелі-сүйелмелі төрт балақай риясыз көңілдерімен қуана қарсы алды. Үй ішін қуанышқа толтыра келген қонақтар Марал Елтайқызының әупірімдеп қол жеткізген баспанасының 60 900 (48 327+12 579) теңге көлеміндегі қарызын төлеп, киім-кешек пен азық-түлік қорын жеткізіп берді.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел шәкірттері ұйымдастырған бұл игі бастама енді ай сайын тұрақты түрде өткізіліп тұратын болмақ. Айта кетейік, құлшылық ордасындағы діни сауат ашу курсында дәріс алатын нәзікжанды шәкірттер бұған дейін бірнеше мәрте ауқымды «Қайырымдылық жәрмеңкелеріне» атсалысып, ұйымдасқан ұжым ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарға өз жәрдемдерін тигізіп келеді.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.04.2017
3427
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру