Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ербол Данағұлов: Біздегі жат ағымда жүргендердің біреуі де кітап оқымаған

05.04.2017 4004 0 пікір

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов пен ауданның бас имамы Ерболат Жүсіпов мырзалар “Нұр-Мүбарак” университетінде білім алушы өңірлік студенттермен жүздесті. Басты мақсат исламтану, дінтану салалары бойынша білім алушы жастардың жай-күйімен танысып, елге келіп қызмет етуге шақыру. Осы кезге дейін мұндай миссиямен “Нұр-Мүбаракқа”  имамдар, діни-зерттеу орталықтары, департамент, басқарма  басшылары келсе, әкім-қарарлардан ең алғашқы болып ақтөбелік Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов болып отыр.

- Еңбек жолын ел ішінен бастаңыздар. “Туған жерге тағзым” деген халқымыз, осы алған білімдеріңізді ауылдағы ағайынмен бөліссеңіздер. Біздің Мұғалжар ауданына келсеңіздер, жұмыс істеуге барлық жағдай жасамақпыз. Керек десеңіздер қораңызға бұзаулы сиырды байлап, 5-6 қой салып береміз. Сіздер тек қана ел ішіндегі саяси-діни ахуалды реттеуге ат салыссаңыздар,-деген әкім білім жолындағы жастарға басын иіп сәлем бере келіпті.


Мұғалжар ауданында 10 мешіт болса, оның екеуінде имам жоқ. Себебі жамағат жоқ екен. Ал оны жауап тастауға Құдайдан қорқамыз деп ағынан жарылған әкім Ербол Данағұловтың айтуынша, басқа ағым жетегіне кеткендер саны 450-дей. Олардың көкейтесті талабы әйелдерге қара киіндіріп, беттерін жауып жүргізу екен.

- Жат ағымда жүргендердің біреуі де кітап оқымаған, құр айқай. Барлығы қаракөз буырларымыз. Оларға ақиқатты түсіндіретін, шынайы исламды үйрететін өздеріңіз. Имамдарымыздың, жас мамандардың күшімен ақиқатты түсіндіріп, біршамасының беті бері қарап, қазір алғыстарын айтып жүр,-деген әкімнің сөзін бас имам Ерболат Нұрылдаұлы жалғастырып алып кетті:

- Әрине 4 жылдық білімнен кейін магистратураға түскілеріңіз келеді. Бірақ, араға 2-3 жыл үзіліс алып, еңбек майданынан кейін келсеңіздер, оның дәмі басқаша болады. Сондықтан, осы білімдеріңізбен елге қызмет етуге шақырамын. Әлбетте Алматы, Астана секілді орталықтарда қалғысы келетіндері көп. Бірақ ол мәселенің шешімі емес. Раббың үшін төмендесеңдер, Алла сенің дәрежеңді көтеріп қояды,-деп хазіреті Омар (р.а.) мен Әли (р.а.) арасындағы оқиғаны мысалға келтірді.

Ия, Мұлғажар Ақтөбедегі ең үлкен аудандардың бірі. Осы ауданды жас та болса бас бола білген Ербол Жеткергенұлына облыс басшысы Бердібек Машбекұлы Сапарбаев сенім артып тапсырған. Осы сапарының да облыс әкімінің аманаты екенін айтқан Ербол Данағұлов студенттерге ойларын ашық айтуға шақырды. Қандай бұйымтай болса да Бердібек Сапарбаев мырзаға жеткізіп, есеп беретінін де ескертті.

Ақтөбе облысынан қазір “Нұр-Мүбарак” университетінде 54 студент білім алуда. Оның 11-і биыл қолдарына диплом алу үшін соңғы сынақтарға дайындалуда. Ал бүгінгі арнайы кездесуде мұлғажарлық әкім мен бас имам жастармен естелік суретке түсіп, емен-жарқын сұхбаттарын студенттерге арнап жайған дастархан басында кеңірек жалғастырды.

Айша КЕҢЕСБАЙ,

“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру