
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі әйелдерге арналған діни сауат ашу курсының сенбі күнгі сабағында шәкірттерге қосымша дәріс жүргізілді.
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша «Әйелдер-қыздар» секторының меңгерушісі Диляром Бектаева Ережеп айының ерекшелігі мен қасиеті жөнінде қыз-келіншектерге пайдалы уағыз-насихат айтты. Ережеп айын Рамазанға дайындық есебінде өткізудің, құлшылықтарды көбейтіп, оны атқаруда ықыласты болудың артықшылықтары туралы айтып, сауапты амалдарды орындауда сабырлық таныту жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, ескі аңыз әлқиссалардан негіз алатын көкек айындағы «Күлкі» күні туралы бірқатар деректер келтіріп, ежелгі гректерді мысал етті. 1 сәуір - «Күлкі» күні дәл осы грек халқының көктем мезгілінде Күлкі құдайының құрметіне құрбан шалу үрдісінен туындауы мүмкін деген болжам да айтылды.
Аталмыш үрдістің дәстүрімізде де, дінімізде де негізі жоқ екендігін ескертіп, исламда жалған сөйлеудің, әзіл үшін ақиқатты бұрмалаудың бұрыстығын баса айтты. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Мен де қалжыңдаймын, бірақ қалжындасам да шындықты айтамын», - деген сөзін естен шығармауды ескертті. Сондай-ақ, өзгеге кесірі, дінге қайшылығы болмайтын, мына үш игі мақсатта ғана өтірік айтуға рұқсат берілетіндігін түсіндірді. Яғни мұсылман қысылтаяң соғыс кезінде, бір-бірімен араз адамдарды татуластыру және екі ерлі-зайыптының арасын жарастыру мақсатында ғана өтірік сөйлеп, сөзіне сендіре алады.
Десе де әзілдесудің сүннет екендігін айтқан мешіт ұстазы Диляром Бектаева Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ұтқыр әзілдерін айтып, шәкірттерін күлкіге көмкерді. Соның бірі төмендегі хадис:
Бір күні Умму Айман Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп күйеуінің қонаққа шақырып жатқанын хабарлайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Сенің күйеуің көзінің ағы бар кісі емес пе еді?» - дейді. Умму Айман: «Менің күйеуімнің көзінде ешқандай ағы жоқ», — деп жауап береді. «Бар ғой», — деп Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) айтқанынан қайтпайды. «Алланың атымен ант етемін, жоқ», — дейді әйел. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Көзінде ақ болмайтын (яғни қарашықтың айналасындағы ақ бөлік) адам болмайды», — деген екен.
Сондай-ақ, ұстаз жалған сөйлеудің жиіркенішті амал екендігін айтып, Пайғамбарымыздың керемет хадисімен ойын түйіндеді.
Мағыналай жеткен хадисте бірде бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Мұсылман қорқақ болады ма?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Иә», - деп жауап береді. «Мұсылман сараң болады ма?» десе, тағы да: «Иә» - дейді. Ал «Мұсылман өтірікші болады ма?» деген сұраққа Алланың Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Жоқ, мұсылман ешқашан жалған сөйлемейді», - деп жауап береді. Хадисті Байхақи риуаят еткен.
Бұл дәрістің тоқ етер түйіні – ешқашан жалған айтпауы, Алла алдында күнәға батпауды көздейді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
05.04.2017
3789
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру