Нұр-Мүбарак университетінің биылғы түлектерін жұмыспен қамту мәселесі басталып та кетті. Осы мақсатта университетте білім алып жүрген аймақтық студенттермен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай мырза мен Қарағанды облысының Дін істер басқармасының бөлім басшысы Жанбота Жаманқұлов пен Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Төлеу Мұхтар мырзалар жүздесті.
- Біз еліміздің күнгейі Шығыс Қазақстан облысын ғылыми орталыққа айналдыруымыз керек. Сіздер университетті қызыл дипломмен тәмамдасаңыздар да өз мамандықтарыңыз бен кәсіптеріңізге сүйіспеншілікпен қарап, ыждаһаттылықпен еңбек етпесеңіздер алған білімдеріңіздің нәтижесі жоқ дер едім. Сіздер ата дініміздің жолында кез-келген қиындықпен бетпе бет келуге даяр әскерсіздер. Кез-келген еңбек жолын сол ауылдық жерден, елмен бірге бастасаңыздар ұтарыңыз көп,-деді өкіл имам Ермек Мұқатай мырза.
Сондай-ақ, бас имамның айтуынша, өңірде имамдар ҚМДБ-ның белгілеген 4 бағыты бойынша жұмыс жасауда. Дәл қазір сауат ашу курстары 2 айлық болса, алдағы жаз айларында оны 3 айға дейін жеткізу жоспарда бар екен. Имамдардың, исламтанушы мамандардың жетіспеушілігі, әсіресе әйел ұстаздардың тапшылығы басым. Сондықтан ел руханияты үшін белсене іске кірісетін жас мамандар ауадай қажет күйінде қалып отыр деп ауызды құрғақ шөппен сүрту де қисынсыз. Алла жолында, ел игілігі үшін, имандылықты арттыру үшін еңбек еткен азаматтың да мерейі үстем болатынын өмір дәлелдеп келеді дейді бас имам.
Ал қарағандылық студенттердің басын біріктіріп, ел ішіндегі ахуалмен бөліскен өңірлік қос басшы жас мамандарға айлық тұрақты түрде болады әрі әлеуметтік қолдау жағын да қарастырып жатқандарын жеткізді. Тіпті болашақта Қызылорда облысындағы әріптестерінің тәжірибесіне сай "оқу ақысына жәрдем беру мәселесін де қарастырамыз" деп қалды. Биыл Қарағанды облысынан 12 түлек ер бала бакалавриат дәрежесімен оқуларын тәмамдайды. Араларында магистратуралық бағдарламамен оқуын жалғастыруды да көздейтіндер баршылық екен. Сондықтан, маман тапшылығы әлі де жалғаса беретін түрі бар.
Дегенмен, жас түлектерге артылар сенім де, үміт пен міндет те орасан!
Айша КЕҢЕСБАЙ,
"Нұр-Мүбарак" университетінің баспасөз қызметі
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.04.2017
3556
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру