Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әз-Наурыз: Алматы мешіттері бірліктің үлгісін көрсетті (ФОТО)

04.04.2017 4593 0 пікір

Алматы орталық мешіті мен Алатау ауданы мешіттері Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтті. Алатау ауданы «Халық» саябағында киіз үйлер тігіліп, қазақы нақышта безендіріліп, арнайы дастархан жайылды.

Әз-Наурызға Алматы орталық мешітінің Бас имамы Нұрбек Есмағанбет, Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Айдар Рақымжанұлы, Алатау ауданының әкімінің орнбасары Маржан Елтайқызы және Алатау ауданының Бас имамы Дәуренбеков Орынбасар қатысып, сөз сөйледі.

Шара барысында Нұрбек Ауесханұлы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жеткізіп: «Жамағатымыз намазда бас қосқанда ойы құлшылықта болғандықтан бір-біріне көңіл бөле алмауы мүмкін. Ал бүгінгі мереке жамағатымызға бір-бірімен етене араласып бауырмалдығын арттыруына жол ашады деген үміттемін», - деді.

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз мерекесінде ақсақалды қариялар мен ақ самайлы әжелер дастархан басында ақ баталарын беріп, келген қонақтарға арнайы дайындалған наурыз көжелер ұсынылды.

«Халық» саябағында концерттік бағадарламаны «Өнер қырандары» театрының жігіттері жүргізіп, бағдарламада қазақтың қара домбырасымен күйлер ойнатылып, сахна саңылақтары әндерімен шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салып, жиылған халықтың көңілін бір көтерді. Бүлдіршіндерге арналған арнайы ойын құрылғылары қойылып, көңілдері шаттыққа толып, әз-Наурыз қоржынынан тәттілер мен ойыншықтар үлестірілді.

Аудан мешіттері белсене атсалысқан мерекеде қазақтың ұлттық ойындары қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес және бұқа тартысы, сондай-ақ үстел теннисі мен волейбол сынды спорттық ойындардың 12 түрінінен жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Қиіз үй сәні мен дастарған дәмі» атты киіз үйлер сайысы да додаға салынып, Алматы орталық мешітінің киіз үйі үздік деп танылды.


Футболдан:

1-ші орынды «Өжет» мешіті командасы;
2-ші орынды «Мырзахмет» мешіті командасы;
3-ші орынды «Өнер» командасы иеленді.

Волейболдан:

1-ші орынды «Әкімшілк» командасы;
2-ші орынды «Сарыағаш медресесі» командасы;
3-ші орынды «Көк-қайнар» мешіті командасы иеленді.

Күрестен:

1-ші орынды «Бекет-ата» мешіті;
2-ші орынды «Бекет-ата» мешіті;
3-ші орынды «Мырзахмет» мешіті иеленді.

Бұқа тартыстан:

1-ші орынды «Мырзахмет» мешіті командасы;
2-ші орынды «Әскер-ата» мешіті командасы;
3-ші орынды «Мырзахмет» мешіті командасы иеленді.

Арқан тартыстан:

1-ші орынды «Мырзахмет» мешіті командасы;
2-ші орынды «Дархан» мешіті командасы;
3-ші орынды «Әскер-ата» мешіті командасы иеленді.

Стол теннисінен:

1-ші орынды «Бекет-ата» мешіті командасы;

2-ші орынды «Мырзахмет» мешіті командасы;

3-ші орынды «Бекет-ата» мешіті командасы иеленді. Жеңіп шыққан бірінші орын иелеріне 1 қошқардан беріліп, 2-ші және 3-ші орын алған жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар үлестірілді.


Табиғаттың жаңару мерекесін қуанышпен қарсы алып, бірін-бірі кешіріп, көптен көрмеген ағайынымен көрісіп, бір дастархан басында наурыз көже ішіп, Жаратқанға шүкіршілігін жаудыратын Наурыз мерекесінің тәуелсіз еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Олай болса, ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі - Наурыз мейрамы барша жұртымызға құтты болсын!

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру