Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талдықорған: «Иман» мешітінде теолог-ғалыммен кездесу өтті (ФОТО)

03.04.2017 3668 0 пікір

Талдықорған өңіріне елімізге белгілі теолог-ғалым, исламтанушы әрі Құран ғылымының докторы Мұхитдин Исаұлы ат басын тіреді. Бұл кездесуді  Талдықорған қаласының «Иман» орталық мешітінің жамағаты көптен күтіп жүрген болатын. Ал теолог-ғалым өзінің көпшілікпен жүздесуін жұма намазындағы уағызымен бастады. «Иман» мешітіндегі қасиетті күннің құлшылығына жиналған қалың жамағат ұлағатты ұстаздың уағызын ұйып тыңдады.

Алла Тағала тарапынан күллі адамзат баласына түсірілген қасиетті төрт кітап: Тәурат, Забур, Інжіл және Құран туралы айтып, соның ішінде, біздің сүйікті сардар Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) 23 бойы түсірілген Қасиетті Құран кітабына ерекше тоқталып  өтіп,    Алланың бұйрықтары, Құранның муғжизалары, шарапаты және қасиеттері туралы жеткізген Мұхитдин Исаұлы, Қасиетті Құран шәріптің адамзатқа жолбастаушы әрі нұсқаушы кітап болып табылатынын, Құранның жарығы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқандығын әрі жалғаса беретіндігін айтты.

Қасиетті Ережеп айында, Алла разылығы үшін, нәпіл ораза ұстап жүрген жамағаттардың құрметі үшін,  ақшам намазы мен құптан намазы арасында  аталмыш мешітте ауызашар дастарханы жайылып, аузы берік мұсылман қауым мол сауабқа кенелер осы дастархан басында Талдықорған тұрғындарымен жүздескен ғалым кең ауқымды дәріс жүргізді. Ғылым-білімге құштарлығын оятатын, кішіпейілдік пен ізеттілікке бастайтын тағылымды дәріс соңында, мұндай басқосуды көптен көксеп жүрген жамағат Мұхитдин Исаұлына өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оларға  тұшымды жауаптар алып, разы болды.

Ауызашар соңы - Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан Рымханұлы осы мешітке келіп Құраннан дәріс алып жүрген шәкірттердің арасында Құранды ең үздік жаттағандарға сыйлық ретінде қасиеті мол зәмзәм суын таратуымен әрі өздерінің көптен күткен ғалымдарымен басқосып, дастархандас болғандарына көңілдері марқайған жамағаттың разылығымен аяқталды.

Талдықорған өңірі бойынша баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру