Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Белгілі исламтанушы Қ.Әліпбайұлы атыраулық дін саласы мамандарымен кездесті (ФОТО)

03.04.2017 3415 0 пікір

1 сәуір күні белгілі исламтанушы Қабылбек Әліпбайұлы Атырау облысы Дін істері басқармасы “Ақпараттық-талдау орталығына” ат басын бұрып, өңір теологтарымен жүздесті. Жиын тақырыбы дін саласы мамандарының “уахаби-сәләфи” ағым мүшелерімен жұмыс жасау тәжірибелерін жетілдіру мақсатына арналды.

Дін саласы мамандары бастамасымен өзара іс-тәжірибе алмасу аясында өткен шеберлік сағатын елдің ықыласына бөленіп жүрген Қ.Әліпбайұлының өңірге келуіне бірден-бір ұйытқы болған ҚМДБ-ның мұнайлы өңірдегі өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Берденұлы ашып, имамды атыраулық әріптестерімен таныстырды. Жиынның маңызына және оның қоғамдық қажеттілігіне баса назар аударды.

Дөңгелек үстел басында облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қ.Көшқалиев бірінші болып сөз алып, Атырау өңіріндегі діни ахуал және дәстүрлі дінімізге аталмыш "уахаби-сәләфи" ағымын ұстанушылардың ықпалына еріп кеткен, хақ дін жөнінде «білімі таяз» мұсылман бауырларымыздың тигізіп жатқан зияндары әрі осы ретте атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Басқарма басшысының сөзін жалғаған Мысырдағы "әл-Азһар" Ислам университетінің түлегі, бүгінгі таңда "Нұр Астана" мешітінің наиб имамы қызметін атқарып жүрген Қ.Әліпбайұлы асыл дініміз - Ислам дінінің артықшылықтарын, құндылықтарын атап көрсетіп және оның қазақ тарихында алатын орнына тоқталды. "Қанша ғасыр өтсе де, саф күйінде сақталып, өзгеріске ұшырамаған дініміз - Алла Тағала тарапынан қорғалған дін. Оның қос қайнар көзі - Құран және Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүннеті. Ал, жат ағым идеологиясы осынау алтын діңгегіміздің сыртындағы негізсіз, адамның Аллаға емес, адамға құл болуын көздейтін пендеуи пікір-көзқарастар жиынтығы", - деді Қ.Әліпбайұлы өз сөзінде.

Отырыс соңында мамандар жат ағыммен күрес барысында кездесетін қиындықтар мен түйткілді мәселелер және оларды қалай тиімді шешу жолдары төңірегінде әңгіме өрбітті.

 

"Иманғали" орталық

мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру