Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбедегі "Әйелдер-қыздар" секторы Ұлыс күнін тойлады (ФОТО)

28.03.2017 5659 0 пікір

Қасиетті жұма күні ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша "Әйелдер-қыздар" секторы ауыл-ауылға бөлініп, ұлан-асыр той жасады, дастархан жайып, Ұлыстың ұлы күнін атап өтті.

Шара байқау түрінде ұйымдастырылды. Ауыл-ауылға бөлінген сауат ашу курсы шәкірттерінің, оның ішінде Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің әйелдерге арналған діни сауат ашу курсы мен қалалық орталық мешіт жанынан ашылған әйелдер діни сауат ашу орталығының шәкірттері төрт топқа бөлініп, өнер көрсетті. Есет батыр, Досжан Хазірет, Бала би және Наурыз ауылдары болып бөлінген әжелер, апалар және ару қыздарымыз бірінші кезеңде өз-өздерін таныстырып, топтың атауына түсінік беріп өтті. Жерлес ержүрек батырлары мен дана көсемдерінің есімдерін алған алғашқы үш топ олардың өмірбаянына, қазақ халқының даму тарихында алатын орнына қысқаша тоқталып өтті. Елге шапқан жауды бір өзі тоқтатып, ерлік танытқан Есет батырдың ержүректілігін, Бала бидің сөзге шешендігін, ойы орақ, тілі өткір тапқыр болғандығын айтты. Сондай-ақ, қасиетті Мекке қаласынан қазақтарға арнап қонақ үй салдырған Досжан Хазіреттің дінге жанашырлығы, он жеті жасында қари атанған қырағылығы, өзі туған Темір ауданына қарасты Шиелісай елдімекенінен мешіт, медресе салдырып, елді діни сауаттандыруға себепші болғандығы жайлы қызықты мағлұматтар да айтылды. Наурыз ауылының тұрғындары Наурыз мерекесінің мән-маңызын тілге тиек етіп, оның халық арасындағы бауырмалдылық қасиетін жайып, туыстық қатынасты жаңғыртуда алатын орнын сөз етті.


Бұдан бөлек әр ауылдың мерекелік наурыз көжені дәмді етіп әзірлеуі, ұлттық тағамдардың түр-түрін ұсынып, дастархан жаюы, киіз үйдің ішін көрікті етіп безендіруі сынға алынып, дайындықтарына сай баға берілді. Бір тектес кимешек, ұлттық ою салып бастырылған тәждерді киген ауыл тұрғындарының киім киісі де бірдей ескерілді. 

Тағы бір кезеңде апа-әжелеріміз қазақы салт-дәстүрді дәріптеп, қазақы қолөнерден «кәде» таттырды. Әжелердің бірі ұршық иірудің қыр-сырын үйретіп, жастарға үлгі етсе, қолы шебер енді бір әжеміз қазақтың әр түрлі оюлар басып дайындалатын текемет, көрпелерін, қазақы нақышта тігілетін ер және әйел адамдардың киімдерін жекелей таныстырып өтті. Түйетабан, сыңар өкше, қошқар мүйіз деп аталатын ою түрлерінің әрқайсының өзіндік орны, пайдаланылу реті бар екендігін айтып, кіші буын қыз-келіншектерге көп тың дүниелер, мағлұматтар берді. Және бір әжелеріміз қазақ халқының ұлттық киімі – кимешекті таныстырып, Наурыз ауылының тұрғындары баланы бесікке бөлеу, оған бесік жырын айтудың тәртібін көрсетті. Сондай-ақ, кішкентай Кәусар есімді бөбектің тұсауы кесіліп, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Қошқарова баланың тұсауын ала жіппен кесудің, жіптің қатты қысқа болмауына қатысты ырымдардың мән-мағынасын түсіндіріп, ала жіпті қалай есу керектігін көрсетті.


Ұлттық асымыз – наурыз көжеден ғана емес, дәстүрімізден «дәм таттырған» әжелеріміздің әрбір өнегесінен, өнерінен нағыз ауылдың иісі аңқығандай болды. Жазда жайлауды паналап, тау етегіне киіз үй тіккен көшпелі елдің көрінісі көзге елестегендей керемет әсер қалды.

Әр ауылдың дайындығын әділдікпен бағалаған мешіт ұстаздары Диляром Бектаева, Талшын Қожахметова, Ақжарқын Жілісбаева және Бақыт Жансүгіровалар әрқайсысына «Хан ордасы», «Алтын Орда», «Ақ Орда» және «Сегіз қанат» атты жеке номинациялар тағайындап, наурыз көжесін әзірлеген қолы алтын апа-әжелерімізге ақ жаулықтан тарту жасады. Шараға белсене атсалысқан барша жамағатқа, әсіресе, жасы үлкен әжелерге зор алғыстарын білдіріп, олардан бата алды.

Шара барысында қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағам түрлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қазақы нақышта, оюмен көмкеріліп жасалған керемет дүниелер көптің назарына ұсынылды. Әсіресе, Құранға арналған қаптар мен жиегіндегі оюлары ойып бастырылған тақиялар, қазақы көйлек пен кәжекей киіп, келбеті қолдан өзгертілген қуыршақтар көптің ерекше қолпашына бөленді.

 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру