Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Нұр Ғасыр» мешітінде наурыз көже таратылды

27.03.2017 3643 0 пікір

Қытымыр қыстан кейін ел-жұрт бір-бірімен амандықпен қауышып, жақсылықпен көрісетін – ұлттық мерекеміз Наурыз мейрамы қасиетті жұма күні Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде де тойланды. Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспанның қолдауымен өткен мерекелік шара мұсылмандардың қасиетті жұма күніне сәйкестендірілді.

Жамағатқа жеті астың құнары сіңген наурыз көжеден дәм ұсынылып, ыстық бауырсақтар таратылды. Мешіт ауласына кең киіз үй тігіліп, меймандарға арналып мерекелік дастархан жайылды. Ұлттық асымыздан дәм татқан қадірлі қонақтар, жасы үлкен ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз елдің амандығын, заманның тыныштығын тілеп, сөз сөйледі, жастарға бата-тілектерін жаудырды.

Жамағат арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, ұлттық ойындарымыз ұлықталды. Білегі мықты жігіттеріміз күш теңестіріп, қол күрестірді, гір тасын көтеріп, күштерін сынады. Тартысқа толы жарыста жамағат арасынан суырылып шығып, шыдамдылықпен соңына дейін жеткен, қайраттылығын танытқан мықтылар ғана жеңіске жетті. Арқан тартысуда жеңімпаз атанған топқа қаржылай сыйлық беріліп, гір көтеру және қол күрестен алғашқы үштікке іліккен білекті ер азаматтарымызға бағалы сыйлықтар берілді. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов пен мешіттің наиб имамы Асылхан Темірханов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Мақтау қағаздарымен марапаттады.

Сондай-ақ, облысқа белгілі күйші Ербол Махамбетов қоңыр дауысты күмбірлі домбырамен қазақтың төл өнерінен тарту жасап, күй тартты. Қазақы өнерімізден кәдесый жасап, мерекеге жиналған жамағаттың құлақ құрышын қандырды, көктемгі керемет көңіл-күй сыйлады.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру