Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодарда «Әуезді азаншы» атты облыстық азаншылар байқауы өтті (ФОТО)

27.03.2017 3463 0 пікір

Павлодар қаласындағы «Ақмешіт» мешітінде  соңғы 3 жылда осымен екінші рет облыстық азаншылар байқауы ұйымдастырылды. Мешіт жамағаты мен мешіт қызметкерлері арасында өткен «Әуезді азаншы» байқауына 50-ден астам адам қатысты.

«Ақмешіт» мешіті ұйымдастырған сайыста Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының, Баянауыл, Май, Железин, Павлодар, Ақтоғай, Ертіс, Шарбақты аудандарының өкілдері бақ сынады. Сонымен қатар, аудандардан ауыл тұрғындары келіп өнер көрсетті.

Үміткерлердің өнерін «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің наиб имамы Хасан Аманқұлов, «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің азаншысы Дәулет Рүстемов және «Әбу Бәкір Сыддық» медіресесінің ұстазы, Мысырлық Таһа Суғуди Бәдауи бағалады.

Үміткерлер алдымен азанға байланысты дайындалған сұрақтарға ауызша жауап берді. Одан кейін азан шақырды.

Қазылардың шешімімен мешіт жамағаты арасында бірінші орынды «Мәшһүр Жүсіп» атындағы Құран жаттау курсының тәрбиеленушісі Ержан Әміралинов иеленді. Екінші және үшінші орындарды «Мұрагер» пансионатының шәкірті Толқын Қастер мен Баянауыл ауданы «Мұса Мырза» мешітінің өкілі Бейбіт Олжас өзара бөлісті.

Сондай-ақ, Павлодар ауданы Красноармейка ауылының өкілі Мақсат Қабылдинов пен екібастұздық Қуат Тасмағамбетов арнайы номинацияларға ие болды.

Мешіт қызметкерлері арасында «Мұрагер» пансионатының ұстазы Қиысхан Есімбек топ жарды. Екінші орын «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің азаншысы Серік Темірғалиевке бұйырды. Екібастұз қалалық мешітінің азаншысы Ербол Ғабитов үшінші орынды қанағат тұтты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Сайыстан кейін қатысушыларға «Ақмешіт» мешітінде арнайы дастархан жайылды. Көпшілік арнайы дайындалған астан ауыз тиіп, «Ақмешіт» мешітінің Бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлының уағызын тыңдады.

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру