Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мешіт ауласында ұлттық ойындар ұйымдастырылды (ФОТО)

25.03.2017 3490 0 пікір

Қасиетті жұма күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне жиналған шаһар тұрғындары құлшылық етумен қатар, өзара күш таластырып, бой сергітіп қайтты. Ұлтымыздың ұлық мерекесі – Наурыз мейрамына орай жұма күні мешіт ауласында ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылған болатын.

Жұма намазынан шыққан қалың жамағат күннің салқындығына қарамастан спорттық сайыстарға белсене қатысып, мешіт ауласын намысты жаныған жанкүйерлердің айғайы жаңғырықтырды. Топ-топқа бөлініп, арқан тартысқан, қол күрестіріп, гір көтерген білекті жігіттердің күшін бағалап, әділ бағасын беру Астана қаласы әкімдігі спорт дирекциясының мамандарына табысталды. Салауатты өмір салтын ұстанған мешіт жамағаты спорттың қай түрінен болса да қара жаяу еместігін аңғартып, көңіл қуантарлық нәтижелер көрсетті. Бұған қоса, құлшылық ордасына келген кішкене балалар арасында асық ойнатылып, мергендіктері сынға салынды.

Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Арқан тартыс», «Гір көтеру» (16 және 24 келі), «Қол күрес», «Асық» ойындары бойынша жеңімпаз атанғандардың барлығына «Әзірет Сұлтан» мешітінің арнайы «Алғыс хаты» табысталып, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру