Күн мен түн теңеліп, жаңа күннің, жаңа жылдың бастауы болған ұлыстың ұлы күнінде «Нұр-Мүбарак» университетінде тамаша бастаманың тұсауы кесілді. Белгілі журналист, жазушы Жұмабек Кенжалин басқаратын «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты басылымдар "Нұр-Мүбарак" Египет ислам мәдениеті университетімен бірлесе отырып «Ұлттық руханият бастаулары» тақырыбымен елді имандылыққа үндеген көрнекті тұлғалар тағылымына арналған дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жөнінде бастама қолға алынды.
- Қазір жаһандану дәуірінде көпшілік әлеуметтік желіде әркімнің сөзіне еріп кетіп жатыр. Бұл ұлттық руханиятымызға қауіпті жағдай болғандықтан, ел дамуына жан-жақты ой қосып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елді имандылыққа үндейтін көрнекті тұлғалар тағылымына арналған осындай бас қосуларды өткізсек дейміз. Бұл жердегі ұсыныстар салмақты басылымдарда жарық көріп, тиісті орындарға жіберіліп, ұлттық даму жолдарына үлес қосады деген үміттемін,-деді «Қазақ газеттерінің» бас директоры Жұмабек Кенжәлин мырза.
Алғашқы бас қосу елімізге белгілі ұстаз, дін саласында да ойып орын алар Ғазиз қажы Әмірхановқа арналды. Сондықтан, алғысөзді профессор Шамшәдин Керім мырза Ғазиз қажының еліміздің дамуында имандылыққа қосқан үлесі жайлы жан-жақты жеткізді. Осы арада дөңгелек үстел басында ғалымдар, журналист, жазушы, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер де болғандықтан оларға қазіргі еліміздегі ислам дініне бет бұрған жастардың да жайы алаңдататыны аңғарылды. Көкейлеріндегі сауалды ортаға салған жамағат үшін жастардың ислам дінін білуге ынтасын қамтамасыз ететін университеттің елімізде өркен жаюы көңілдерін хош етті деуге де болады. Дегенмен, бүгінгі жетістікпен тоқмейілсуге болмайды деген түйінмен, басты тақырыпты талқылау жалғаса түсті.
Еліміздегі руханият әлемінде ұстаздық тұлғасымен қатар, ұрпақ тәрбиелеп, білім беруде ерекше із қалдырған Ғазиз қажы Әмірхановтың есімі жалпақ жұртқа танылмаса да Торғай өңірі үшін болмысы бөлек тұлға. Оның ұстаздық ұлағаты, руханият, дін саласындағы сара жолы жан-жақты жеткізе түскен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Жетпісбай Бекболатұлының деректері басқосудың маңыздылылығын арттыра түскендей. Ал қоғам қайраткері, бұрынғы ҚР-ның Су шаруашылығы министрі, қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев та Ғазиз қажының тағылымды ғұмыры жайлы тереңнен сөз қозғады.
Осылайша ұлт руханиятының бастауларын жан-жақты зерделеп, халыққа ұсынып, тарихты толықтыра түсер тың деректер мен салиқалы жүздесулерді мақсат еткен жаңа көш болашаққа жол тартты. Әлеу. желілерде қалың жұртты желіктіріп әкететін жеңіл дүниелерден арашалап, салмақты ой мен терең сараптамалардың маңыздылығын ұғындырсақ деп, Ұлыстың ұлы күнінде, қасиетті жұмада имандылық пен халықтық құндылықты қос қанатына байлап алғашқы қадам жасаған бұл бастамаға сәттілік тілейміз.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.03.2017
3655
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру