
Маңғыстауда «Келін – ененің топырағынан» атты сайыс өтті
Күн шуағын күлімдеп төккен көктемнің әр күні мереке мен қуанышқа толы. Табиғаттың бүршік жарып, бусанған шағы көңілді көтерген шақта Маңғыстау облыстық орталық мешітінің "Әйелдер-қыздар" секторы мәні мен мазмұны жарасқан көптеген шаралардың өтуіне ұйытқы болуда. Сондай іс-шараның бірі - тәлімі мен тәрбиесі мол, көрген жанға таңдай қақтырып, көкейге көп түйін түйгізген жарасымды өткен тамаша кеш - «Келін – ененің топырағынан» атты сайыс болды.
Жарысқа ене мен келіннен тұратын 5 жұп қатысты. Алғашқы сында жұптар өздерін таныстырып, енесі келіні туралы, келіні енесі туралы жақсы лебіздер білдірді. Екінші айналым – «Үй тапсырмасы» деп аталды. Мұнда өздерінің икемді істері мен шеберліктерін байқататын ене мен келіннің қолынан жасалған қолөнер бұйымдары мен тағамдар көрсетілді. Келесі кезекте келіндер қамыр жаюдан сынға түсті. Соңғы бөлімде ене мен келіннің шариғи білімі мен салт-дәстүрді қаншалықты білетіндігі таразыға салынды. Байқаудың барлық бөлімінде ене мен келін білек сыбана бірге қатысып, асқан бір татулықтың үлгісін көрсетті.
Әділ қазылар 5 жұпты да өздерінің қатал талаптарынан өткізіп, сүзгіге салды. Бірінен бірі асқан жұптардан үздігін таңдау оңайға соқпады. Жүйріктен шын жүйрікті табу сәті келгенде, жарыстың барлық бөлімінен сүрінбей өтіп, әділ қазылардың да, көрермендердің де көңілінен шыққан ене Балтөре Исмағұлқызы мен оның келіні Меруерт Өтешқызы бас жүлдеге лайық деп танылды.
«Сабырлықты да енемнен үйрендім»
Балтөре апаға Меруерттің келін болғанына 14 жыл болыпты. Он қолынан өнер тамған ененің шаңырағына іс тігуге шебер, түрлі тағамдарды пісіруге епті, пысық та елгезек, сабырлы да сүйкімді Меруерттей келіннің келгені отбасын шаттыққа бөлеген екен. Бүгінде ата-енесіне 3 немере сыйлаған Меруерт «енемнен үйренгенім көп» дейді. «Әсіресе, бала тәрбиесінде енемнен көп үлгі алдым. Балаларды адамгершілікке, тазалыққа, әдепті болып өсуге енем қатты мән береді. Сабырлықты да енемнен үйрендім»,- дейді Меруерт келін. Бүгінде екеуі облыстық орталық мешіттің тұрақты жамағаты, бірге Құран сабағына қатысып, намаз оқуды үйреніп жүр.
Бұл шарада ұл - қызын ұлағатымен тәрбиелеп, тәлімін ұрпағына жалғастырған енелер мектебінен өнеге алған келіндер көрсеткен ілтипат пен иба көпке үлгі болды.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.03.2017
3938
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру