Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ 250 ЖАН «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ҚОНАҚТА БОЛДЫ (ФОТО+ВИДЕО)

15.03.2017 3387 0 пікір
Кеше Астана қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандар Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне қонаққа келіп, арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысып қайтты.
Қайырымдылық шараларының қара шаңырағында өткен бұл отырысқа Бас қаламыздағы 250 мүмкіндігі шектеулі жан қатысып, арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Бұдан бөлек, қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылып, ән мен жырдан шашу шашылды. Сондай-ақ, «Тағылым тамшылар» ұлттық-рухани балалар театры да өз өнерлерін ұсынып, жарымкөңіл жандардың жабырқау жүздеріне күлкі үйірді.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан игі шараға Астана қаласы әкімдігінің әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және «Мумтаз» мейрамханасы мен «Мәңгілік ел жастары» қоғамдық ұйымдары қолдау көрсетіп, сырқат жандардың құлшылық ордасына келіп, сергіп қайтуына септігін тигізді. Шара шымылдығын түрген «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы барша қонақтарға құттықтау лебізін білдіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға құлшылық ордасының қашанда қамқорлық танытуға әзір екенін жеткізді.

Сондай-ақ, шара аясында созылмалы сал ауруынан сауығып келе жатқан үш бүлдіршіннің тұсаукесері рәсімі болып өтті. Медициналық емшаралар арқасында аяғы апыл-тапыл басуға жарап қалған үш бүлдіршіннің  тұсауын ырымдап мешітте кескен апалары Алладан шипа сұрап, ақ батасын арнады.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру