Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде "Исламтану ғылымы: дамуы мен түйткілдері" деген тақырып аясында университет ғалымдарының қатысуымен магистранттар мен докторанттар арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты - еліміздегі ғылым салаларының ішінде соңғы уақытта ерекше мән беріліп, қолға алынып жатқан исламтану саласының жағдайы, даму тенденциялары, өзекті мәселелері және болашағы туралы ой бөлісіп, пікір алмасу. Себебі, елімізде жаңа дамып келе жатқан ғылымның бұл саласы қамқорлықпен қатар жас ғылым ізденушілер тарапынан да жан-жақтылық пен ыждахаттылықты, еңбекқорлықты талап етпек. Ал оларға дұрыс бағыт-бағдар жасалса, ұзық жолдың қысқара түсері анық.
Сондықтан осындай өзекті мәселелерді ортаға салған дөңгелек үстелге PhD доктор Құрманбаев Қайрат, теолог Ержан Қалмақан, ф.ғ.д., профессор Затов Қайрат, PhD доктор Анарбаев Нұрлан т.б. ғалымдар шақырылды. Алғашқы болып сөз алған филос.ғ.д. Затов Қайрат мырза исламтану саласының тарихи аспектілері жан-жақты зерттеліп, діни психология, феноменологиясы тұрғысынан қарастыруды қажет етіп тұрған сала екенін айтып өтті. Қоғаммен тікелей қарым-қатынаста еңбек ететін жас мамандар, болашақ ғалымдар қандай бағытта жұмыс жасау керек деген сауалға Қайрат Затов нақты дәлелдермен, күнделікті бетпе-бет келіп жатқан тәжірибесімен бөлісті. Ал исламтану ғылымы бойынша ең алғашқы докторлық диссертация қорғаған Қайрат Құрманбаев мырза: «Исламтану саласы - жас сала. Магистратура - бұл ғылымға кіріспе деп түсінсек, исламтанушы магистрант уағыз-насихаттық формадан арылу керек. Өкінішке орай, қазақ тілінде жазылған ғылым дамуының кенжелеп жатқанын ескерсек, болашақ ғалымдарға артылар жауапкершілік өте жоғары», - деп, ғылымдағы еңбекқорлық пен жан-жақтылықтың маңыздылығына тоқталды.
Әлбетте, магистранттар мен докторанттар тарапынан да сан түрлі сауалдар қойылды. Тақырып таңдау, оның қайталанбауы, классикалық әдебиеттерді қолдану секілді сұрақтарға жас та болса ғылым саласында біршама тәжірибе қордалап үлгерген Қалмахан Ержан мырза тұщымды жауап берсе, исламтану ғылымы бойынша докторлық зерттеу жұмысын жақында ғана жоғары деңгейде қорғаған Нұрлан Анарбаев ғылыммен айналысу үшін не істеу керек деген мәселелерге нақты нұсқаулар жасасады. Ал еліміздің тұрақты дамуы мен ислам діні мәселесінде күрделі сауалдар мен жамағаттар арасында аты мәшһүр Ерсін Әміре шет елде білім алған кездегі мүмкіндіктерге тоқталды. Яғни ислам ғылымы саласындағы классикалық білім алу жүйесінің маңыздылығын мәйекті жеткізді.
Университеттің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің меңгерушісі Гүлім Имашева ханым дөңгелек үстелдің тиянақты әлі тартымды өтуін тізгіндей келе, тыңдаушылардың пікір алмасудан түйген ойларын орта салуын да ұмытпады. Көкейлеріндегі көп сауалға нақты жауаптар алған болашақ ғалымдарға бұл жүздесудің тағылымы мол болғаны сөзсіз.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
"Нұр-Мүбарак" университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
10.03.2017
3833
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру