«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде Павлодар облысында алғаш рет облыстық әйелдер-қыздар секторының аға ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызының ұйымдастыруымен «Өнерлі өрге жүзеді» атты аймақтық қолөнер байқауы өткізілді.
Қыз-келіншектердің өнер шеберлігі мен ісмерлігі сынға түскен сайысқа «Мәшһүр Жүсіп», «Ақмешіт», «Екібастұз», «Ақсу» мешіттерінің діни сауат ашу курсының тыңдаушылары қатысты.
Қарлығаш Талқанбаеваның айтуынша, бұл іс-шараны қол алудағы мақсат, болашақтың алтын көпірі саналатын қыздар мен келіншектерге қазақ ұлттық мәдениетінің құндылығын насихаттау, ұрпақ сабақтастығы үрдісін сақтай отырып, әжеден немереге, енеден келінге, анадан қызға даритын қолөнері өнегесін жастар санасына сіңіру, кесте тігу, тепшу, өрмек тоқу, киім пішу, құрақ құрау, т.б. толып жатқан бұйымдар мен жасау-жабдықтарды әзірлеуге баулу болып табылады. Бұл әрбір қазақ отбасының жеке мәдениетінің, даралығының көрінісі саналады. «Біздің көздегеніміз – қазақ халқының асыл қазынасын сақтау және келер ұрпаққа мирас ету», - дейді ол.
Байқау үш аталым бойынша өтті: қазақ ұлттық ою-өрнектері, тоқыма тоқу, кесте тігу, қағаздан және басқа да материалдардан бұйымдар жасау. Бірінші кезеңде үміткерлер кесімді мерзім ішінде қазылар алқасы мен көрермендердің көз алдында өз қолдарымен бірегей ою-өрнек ойып, жасап шықса, екінші кезеңде «Үй тапсырмасы» ретінде берілген өздері әзірлеп әкелген бұйымдарын сын назарына ұсынды. Мұнда көзін жауын алатын алуан заттар мен бұйымдар болды. Көрпешелер, жастықтар, кестелі сүлгілер, ою-өрнекпен зерленген орамалдар, дастархан жаймасы мен қолдан кестеленген шыт, тоқылған кеудешелер, бас киімдер, бисермен әдіптелген әшекейлер және т.б. мол дүние.
Байқаудың көрермендері болған әжелер қатысушыларды қызу қолдап, ақ тілек, ақ алғыстарын жаудырып отырды. Олардың ортасында апта сайын «Ақмешітке» келіп, әйел шәкірттерге қолөнерден тегін дәріс беріп жүрген Сапура апай Адамова да бар. «Аталған шеберлік дәрістері арқасында әрбір шәкірт тігіншілік, кестелеу, қазақ ою-өрнектерін жасау өнерін игереді», - дейді ұстаз Сабина Мұратқызы. Тағы айта кетерлігі, командалар мүшелері ұлттық киімдер киіп, сайыстың көркін келтірді. Үздіктер қатарынан көрінген «Ақмешіт» шәкірті Ақерке Дәуітова бисермен, Құран қітаптарына арналған түрлі тастармен әшекейленген сөмкелер жасап, екінші орын алды.
Өз кезегінде «Жол қиындықтарына қарамастан, сонау Екібастұз қаласынан келіп, қатыстық, әлбетте, уайым да болды, жақсы әзірлендік», - дейді ұстаз Зәуре Шамсидинқызы. Ұстаздың үміті ақталып, Екібастұз командасының екі қызы аталымдар бойынша жеңіске жетті. Осылайша, Назгүл Тортаева тоқылған себет, ваза, қағаздан жасалған қобдиша ұсынып, «Қағаздан жасалған бұйым» номинациясында бірінші орын алды. Ал Гүлбахыт Қансызбай «Қазақ өрнектері» номинациясында үздік деп танылды. Ол тігін тігіп қана қоймай, әртүрлі бұйымдар тоқиды, моншақтар мен бисерден әшекейлер әзірлеп, ескі ұлтандарды қолдана отырып, тоқыма аяқ киім – етік, туфли тігеді.
«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітіндегі Ақерке Тұрғынбай ұстаздың шәкірттері қазылар алқасын өз шеберліктерімен таңдай қақтырды. Кесте конкурсында екінші орынды Гүлсім Аманжол иеленді. Ол әртүрлі картиналарды түрлі түсті жіптерді қолданып тігеді екен. Бұл байқауға Гүлсім сан беті гүлдермен әрлене тігілген сағат әзірлеп келіпті. Ал Бүлдірген Хаби «Қазақ ою-өрнектері» номинациясында жеңімпаз болды.
Жиылған жұртты Ақсу қалалық мешітінің шәкірті Гаухар Муса да таңғалдыра білді. Оның қолына тиген қарапайым барқыт аяқ киім, туфли ұсақ моншақпен көмкерілген керемет туындыға айналады.
Қазылар алқасы барлық қатысушы шәкірттерге алғыс айтып, ұстаздарға рақметтерін арнады. Шын мәнінде үздіктерді анықтау қиынға соққаны жасырын емес. Барлық қыз-келіншектер өздерінше дарынды, еңбектері ерекше.
Таңданысын жасыра алмаған қазылар мүшесі, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кітапханашысы Назым Шайкенова байқау мешіттердің сауат ашу курсында қаншалықты талантты шәкірттер қасытып жүргені паш етілгенін айтты. «Бүгін тағы бір мәрте әйел адамның қиялының ұшқырлығына, шығармашылық қабілетіне тәнті болдық. Байқау барысында таң-тамаша болып отырдық», - дейді Назым Қизатқызы.
Қарлығаш Қажымәлікқызы байқауды қорытындылай келе, өз айналасына еңбексүйгіш, діндар, бір қолында Құраны, бір қолында құрақ көрпесі қатар жүретін қыздарды топтастыра алған ұстаздар Ақерке Тұрғынбай, Сабина Мұратқызы, Зәуре Шамсидинқызы және Алия Жұмабайқызының ерен еңбегін атап өтті. «Байқауға ыждаһаттылықпен дайындалып, қолөнерге ерек махабатын бөлген қатысушыларға үлкен алғыс айтамыз. Әрбіреуінің туындысы тамаша», - деді ұстаз.
Ал қатысушылардың өздері байқаудың маңызы иеленген орында емес, қазақ халқының ұлттық қолөнері мен дәстүріне деген қыз-келіншектердің жүрек құлшынысы артуында дейді.
«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз орталығы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.03.2017
4438
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру