Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық жасалды

07.03.2017 3900 0 пікір

Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа жарқыным,

Қарыз ғып берсең қажетте емес алтының.

- М. Мақатаев

 

Талдықорған өңірі, Ақсу ауданындағы орталық мешіт мүмкіндігі шектеулі жандарға мейлінше мейрімділік танытып, қамқорлық көрсетіп келеді. Жуырда аудандық мешіттің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қайырымдылық шарасы өтті. Аталмыш шара қасиетті жұма күнінде ауданымыздағы «Амина» мейрамханасында ақ дастархан жайылып, барлығына шара соңында айға жететін азық-түлік таратылды.

Мерекелік дастархан ерік-жігері мықты жандарға арналды. Қайырымдылық демекші, елімізде өзгенің жылуы мен көмегіне мұқтаж жандар өте көп. Мұндай жандардың басым бөлігі – әртүрлі себептермен мүгедек атанып отырғандар. Анарбай Тасболатұлы көмекке мұқтаж жандарға  қайырымлық жасауды дәстүрге айналдырған. Дастархан басында оларға жылы тілегін,  өмірдің қиындығына ешқашан мойынсұнбауларын жеткізді.

Қамқорлыққа мұқтаж кісілерге қол ұшын созып, көмек көрсету  үлкен сауап. Ол туралы қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 127-аятында: «Қайырдан не істесеңдер де, сөзсіз Алла оны күдіксіз біледі», - делінген. «Басты мақсат – игі істі көрсету арқылы халықты мұқтаж адамдардың мұңын бөлісуге шақырып, көмек қолын созуға үндеу» дейді ауданның бас имамы А. Тасболатов.

Мұндай азаматтар мемлекет тарапынан қолдаусыз қалып отырған жоқ. Қолдан келгенше көмек жасалып, тағдырдың жазуымен мүмкіндігі шектеліп, мүгедек атанып отырған азаматтарға өз деңгейінде жағдай жасалып отыр. Аудандағы қоғамдық ұйымдар тарапынан да қолдау көрсетіліп, мереке күндері қарсаңында көмек жасалып отырғанын айта кету керек.

Қамқорлықты айқын сезінген жерлестеріміз бұл тағылымды шараны ұйымдастырған мешіт қызметкерлеріне шексіз ризалықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Сондай-ақ, Ақсу аудандық «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінің жігіттері әндерін айтып, ойындар ойнатып, жақсы әсер қалдырды.

Талдықорған өңірлік баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру