Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбеге жаңа имам тағайындалды

04.03.2017 3723 0 пікір

3 наурыз – қасиетті жұма күні Ақтөбе қалалық орталық мешітіне жаңа имам тағайындалды.

Жаңа қызметке Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен тағайындалған  Амантай Садиев ұзақ жылдар бойы Атырау облысында мешіттерде қызмет еткен. Тіпті, 2010-2014 жылдары аралығында Атырау облысында өкіл имам болған. Алматы, Ташкент қалаларында және Түркия елінің Маниса қаласында білім алған ол соңғы жиырма жыл ішінде елінің игілігі, діннің дамуына аянбай еңбек етіп келеді.

Осы күнге дейін мешіттің бас имамы қызметін атқарған Серікжан Еншібайұлы Бас Мүфти бұйрығымен Атырау қаласына діни қызметін ауыстыруда. Халықаралық Қазақ-Араб Университетінде, Түркиядағы «Хасеки» академиясында және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде білім алып, Мысыр мемлекетінің Каир қаласындағы Әл-Азһар университетінде қосымша білімін жетілдірген білікті имам бар жинаған тәжірибесін жаңа қызметіне жұмылдырмақ. 

Қос имамның да алдағы жұмысына сәттілік тілеген Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспан жамағат алдында бұйрықтарын таныстырды. Мешіт ақсақалдары қазақи дәстүрімізге сай Серікжан Еншібайұлының иығына шапан жауып, баталарын берді. Сондай-ақ, жұмаға жиылған жамағатқа өкіл имам «Ата-анаға құрмет» тақырыбында уағыз айтты, имамдыққа өтіп, жұма намазын жүргізді. 

 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр»

мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру