Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар имамдары жерлеу рәсіміне қатысты ысырапшылдықтан бас тартуға шақырды

02.03.2017 3748 0 пікір

Облыстық «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде облыс имамдарының жиналысы өтіп, дін қызметкерлері  2017 жылғы іс-қызметтің бағыт-бағдарын белгілеп, осы саладағы кейбір өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар жасады.  

Кеңес барысында облыс имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында үстіміздегі жылғы жұмыс жоспарын бекітті.  

Негізгі жұмыстың басым бөлігі жат ағымдар мен деструктивті секталармен күресуге арналады. Әсіресе, жастар арасында теріс ағымдар зияны жайлы уағыз-насихаттар белсенді түрде айтылып, бұл тұрғыдағы қызмет күшейтіледі. Сонымен қатар, деструктивтік секталарға еніп кеткен тұлғаларды дәстүрлі дінімізге, ханафи мәзһабына қайтару ісі қарын алады.

Жыл бойы облыс имамдары халыққа дәстүрлі ислам құндылықтары жөнінде дәлелді-дәйекті түсіндірме жүргізіп, жас жанұялар арасында отбасы құндылықтарын қастерлеу, ажырасу сияқты жағымсыз істің алдын алу мақсатында кездесулер мен уағыздар айтып келеді.  

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исеновтың айтуынша, қазақ халқы ғасырлар бойы төл мәдениеті мен дәстүрін берік сақтаған. Үлкенге құрмет көрсету, отбасы құндылықтарын қастерлеу, бала жастан туыстық қарым-қатынасты қадір тұту – мұның барлығы әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізде бар. Әсіресе, қазақ қызына тән ар мен инабат, жігіттерге тән имандылық кейінгіге үлгі болатын, ата-ананың сөзі – заң деп қабылданатын. Егер де жастар арақ-шарап ішіп, қыздары ұяттан аттаса, ажырасса немесе зина жасаса, бұл ең ата-анаға ауыр соққы, сүйегіне таңба болатын. Қазақ халқында жетімдер үйі, қарттар үйі болған емес еді, қазір бұл да әдеттегі жағдайға айналды. «Жастардың ұлттық, діни тәрбиесіне көңіл бөлетін кез жетті. Тойлардағы арақ-шарап ішу үрдісіне тосқауыл – көркем уағыз, қазақ халқының дәстүр-салты бұлағына суарылған насихат», - деді өкіл имам.


Имам-молдалардың сөзінше, тағы бір күрделі мәселе – ҚМДБ тарапынан шыққан пәтуаларға сәйкес, жаназа мен жерлеу рәсімдерін өткізу мәдениетін қалыптастыру. Имамдар марқұмның жаназасын,  қырық күндік, жылдық жабдығын өткізуде көңіл айтуды қамтитын шағын, облыс көлемінде бекітілген ас мәзірін басшылыққа алу керек деді.

Бұдан бөлек, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі бекіткен негіздемеге сәйкес дінбасылары облыс мұсылмандарын зират басында бейіт тұрғызу кезіндегі ысырапшылдықтан тиылуға үндеді.

- Қоғамдық мұсылмандар зираты аумағын бейсауат жан-жануар таптамау үшін, ортақ қоршаумен қоршалуы қажет. Алайда жеке-жеке қабірлер үстіне бейіт құрылысын тұрғызуды доғару; марқұмның қабіріне қойылатын құлпытасына аты-жөнін, туған және қайтқан жылын ғана жазу, фотосуретін қоймау керек. Мысалы, шариғатқа қайшы келетін, мәрмәрдан соғылған қымбат бейіт көтергеннен, дүние салған адамның артынан қайырымдылыққа жұмсалған қаражат сауапты болады, - деді имам.  

Жиналыс барысында халықтың діни сауатын көтеру, қоғамдағы адамгершілік ар-ұят құндылықтарын жаңғыртуға қатысты іс-шаралар мен әдіс-тәсілдер, әртүрлі амалдар талқыланды. Нариман Исенов облыс мұсылмандарын өз аулаларын аббаттандыру, жасыл желек егу, жастарды еңбекке, қажетті мамандыққа баулу, түрлі рухани-ағартушылық, мәдени, спорттық шараларды ұйымдастыруға, мұқтаждарға жәрдем беруге шақырды.   «Жақсылықта жарысайық. Зираттарда зәулім бейіт соғуда емес, қайырымды қоғам қалыптастыруда жарысайық», - деді Нариман Ермекұлы.

Жыл бойы облыс мешіттерінде діни сауат ашу курстары жұмыс істей береді. Бұған қоса, "Нұр-Мүбәрак" университеті, «Әбу Бәкір Сыддык»  медресесіне және ҚМДБ-ға қарасты басқа да оқу мекемелеріне түсемін деуші түлектерді дайындау жүргізіледі.   

«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру