Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Кино-тренинг жастардың көкжиегін кеңейтеді

27.02.2017 3405 0 пікір

23 ақпан күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында жастармен кино-тренинг өткізілді. ҚМДБ-ның жастар ісі бөлімінің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен, өкіл имам Төлеби Оспанның қолдауымен өткізілген шараға қаладағы Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі, Ақтөбе теміржол колледжі және Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты.

Тренинг барысында жастарға «В погоне за счастьем» фильмі көрсетілді. Сағаттан астам уақыт фильмді бір кісідей ұйып тамашалап, ондағы кейіпкерлердің рөлді шынайы сомдаған әртістік шеберліктеріне тәнті болған жастар фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. Фильм авторының айтпақ болған ойын, көрерменді неге жігерлендіріп, неден жирендірмек болғаны жайлы пікірлерін ортақ талқыға салды. ҚМДБ-ның жастар ісі бөлімінің облыстағы өкілі Асылхан Темірхановтың айтуынша, тренигті ұйымдастырудағы мақсат - жастарды кез-келген ақпаратты сараптау сүзгісінен өткізе білуге үйрету, оның, яғни ақпараттың ақиқат-жалғандығына көз жеткізбей жатып, қорытынды жасамау, сезімге беріліп, оның растығына сеніп кетпеу керектігін түсіндіру.

ҚМДБ-ның жастар ісі бөлімі 2013 жылы Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тікелей ұсынысымен құрылған болатын. Міне сол төрт жылдан бері аталмыш бөлім жастар саясатын дамыту, жігерлі жастардың қатарын көбейтіп, оларды жан-жақты сауатты болуға тәрбиелеу бағытында жемісті жұмыс жасап келеді. Әр түрлі мазмұнда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін алғаш рет ұйымдастырылған кино-тренингіміз де сіздердің көкжиектеріңізді кеңейту, ақпаратты сараптай білу қабілеттеріңізді қалыптастыру мақсатын көздеген болатын, - деді «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің наиб имамы,  ҚМДБ-ның жастар ісі бөлімінің облыстағы өкілі Асылхан Темірханов.

Сонымен қатар, жастарға әлеуметтік желілердегі әр түрлі парақша, топтарға тіркелу кезінде расталмаған кез-келген ақпаратты пайдаланбау, сенімді дереккөздерге, соның ішінде ҚМДБ-ның және «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ресми muftyat.kz және nurgasyr.kz сайттарына, одан бөлек ҚМДБ бекіткен сайттарға жүгіну керектігін айтты.

 

 

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру