
«Тәні саудың – жаны сау» дейді қазақ халқы. Дәл осы атаумен бүгін Астана қаласындағы «Алатау» спорт кешенінде республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің 5 жылдығына орай дүбірлі спорт додасы болып өтті. Бас мешіт имамдары мен ұстаздарының шәкірттерінен жасақталған 24 команда футбол және волейбол ойындары бойынша бақ сынасып, сайыс көрігін қыздырды.
Жалпы, мешіттегі діни сауат ашу курсында тәлім алатын шәкірттер арасында спорттық сайыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Жыл сайын футболдан сарапқа салынатын ауыспалы мешіт кубогы мен «Салауатты жамағат» сайыстары, жексенбілік жарыстар мешіт шәкірттерін намысы мен мақсаты ортақ ұйымшыл ұжымға айналдырғанын айтып жатудың өзі артық. Содан да болар, «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі шәкірттер саны жыл санап көбею үстінде. Мысалға, тек биылғы жылдың өзінде сауат ашу курсына қабылданған шәкірттер саны 600-ден асып жығылды. Оның 406-ы ер адамдар болса, 216-ы әйел жандар. Мешіт шәкірттерінің ынтымағын арттырып, арларындағы бауырмашылдықты нығайта түсу мақсатында спорттық сайыстармен қатар, түрлі білім жарыстары мен шаралар көптеп өткізіліп келе жатыр.
Дегенмен, бүгінгі сайыстың орны ерекше болды. 12 ұстаздың шәкірттерінен құралған 24 команда бүгін жеңіске деген құштарлықтың отын лаулатып, жанкүйерлердің демеу сөздері алып кешеннің ішін жаңғырықтырды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған айтулы аламанға, тіпті, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те қатысып, бауырларының өнерін бірге тамашалады. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен Астана қаласы Дін істері басқарма басшысы Данияр Есин және орынбасары Нұрдәулет Әлмұқановтар да тартысты өткен сайысқа куә болып, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.
Көрерменнің делебесін қоздырған дүбірлі додаға арнайы шақырылған Бағланбек Қамбарбекұлы, Мейіржанов Жаннұр мен Рахметов Ескендір сынды спорт мамандары қазылық етіп, төрешілік жасады. 12 команда арасынан үздігін тауып, жеңімпаз команданы жариялау міндеті де осы жандардың жауапкершілігіне артылды. Сонымен тартысты өткен турнир әнтижелері төмендегідей болды. Жеңімпаз командаларға арнайы спорт кубогы мен ақшалай жүлделер берілді. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің арнайы «Алғыс хатымен» және естелік медальдармен марапатталды.
Футбол сайысы бойынша:
1-орын – «Арғымақ» командасы (Асқар Мұқанов шәкірттері)
2-орын – «Қыран» командасы (Ерлан Битенов шәкірттері)
3-орын – «Сұлтан» командасы (Қуат Ерғалиұлы шәкірттері)
Волейбол сайысы бойынша:
1-орын – «Сұлтан» командасы (Қуат Ерғалиұлы шәкірттері)
2-орын – «Қыран» командасы (Ерлан Битенов шәкірттері)
3-орын – «Жігер» командасы (Фархат Әбдірәлиев шәкірттері)





















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.02.2017
3855
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру