Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әт-тақуа» мешітінде ақсақал қариялар жастармен кездесті

20.02.2017 4056 0 пікір

18-ақпан күні Атырау қаласы «Әт-тақуа» мешітінде ақсақал қариялардан аталы сөз  тыңдап, көпті көрген өмірлік тәжірибелерінен тағылым алу мақсатында жастармен кездесу болып өтті. 
Бірі аға, бірі іні – екі толқын өкілдері бас қосқан жамағат жиынын мешіттің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы ашып, жұмыс жоспарын үлкендермен кездесуден бастаған «Жастар ұйымының» қадамына сәттілік тіледі. «Жақында ғана көп болып тұсауын кескен ұйымның өз ісін ақсақал жамағатты құрметтеуден бастағаны бірлік пен берекеге жол ашқанмен тең игі қадам. Өйткені үлкенді сыйлау, кеңесін көңілге түйіп, ақ батасын алу – пайғамбар сүннеті. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) іс шешуі қиындап, оны Құран мен сүннеттен таба алмаған жағдайда шариғат білгірлері мен құлшылығына мығым тақуа жандардың кеңесіне жүгініңдер. Өз ойларыңмен амал етпеңдер», – дегенді өсиет еткен. Ал, Ислам тарихында Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) артық достарымен көп ақылдасқан жан болмаған екен. Олай болса аға буынмен пікірлесу алыс жолды қысқартып, қатенің басын қайырады. Тура жолыңнан тайдырмай, жан сарайың құлазығанда қолдау білдірер қорған, пана болады», – деді бас имам. 
Кездесу барысында ақсақалдар жастық шақтарының асыл дінімізді «апиын» санатқан Кеңес өкіметі заманымен тұспа-тұс келіп, Исламмен қарттық шақтарында қауышқандарына қынжылысы барын айтты. Бүгінгі жастардың жастайынан Ислам нұрымен сусындауға мүмкіндігі барына қызығатындарын білдіріп, нығмет қадірін білуге шақырды. Және осындай кездесуді өткізу туралы бастама көтеріп, оған ұйытқы болған бас имамға зор алғыстарын жеткізді.     
Қариялардың тебіреніске толы өнегелі сөздері жастардың намысын қайрап, жігерін жани түскендей. Кездесу соңында жамағат дастарханнан дәм ауыз тиді.


ҚМДБ-ы Атырау 
өкілдігінің баспасөз қызметі,
қалалық «Әт-тақуа» мешіті

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру