Жыл басында құрамы қайта толыққан жергілікті ақпараттық-насихат тобының жұмысы жоспарға сай жүйелі түрде жүруде. Қаладағы бірқатар білім беру ұйымдарында болған топ мүшелері халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың сауалдарына жауап берді.
ЖАНТ мүшесі, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев қаладағы «Болашақ» колледжінің І курс студенттерімен кездесіп, Елбасының биылғы Жолдауында қамтылған діни экстремизммен күрес мәселесіне жіті тоқталды. Терроризммен күресудің тиімді тетіктерінің бірі – дұрыс ақпараттандыру, ағарту, сауаттандыру жұмыстары екендігін, лаңкестік әрекеттерді насихаттайтын теріс түсініктегі ресурстарды «құлыптау» екендігін баса айтып, жат ағымның жетегінде кетпес үшін жастардың біліммен қарулануы керектігіне көңіл бөлді. Соның ішінде, діни ресурстарды сенімді дереккөзден екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана пайдалануға кеңес беріп, мешіттің ресми сайты nurgasyr.kz, одан өзге muftyat.kz, azan.kz, muslim.kz сынды бірқатар сенімді сайттарды атап өтті.
АТК колледжінің жастарымен кездескен ЖАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Нұрбол Смағұловта Елбасы Жолдауында қамтылған мәселелерге ерекше тоқталып кетті. Соның ішінде діни экстремизмді насихаттаушы басты құрал – әлеуметтік желі, ғаламтор екендігін баса айтып, смартфонға әуес жастарды сақтандырды. Діни тұрғыда толғандырған сауалдар бойынша арнайы теолог мамандар, мешіт имамдарына жолығып, жауап ала алатындықтарын жеткізді.
Қаладағы Ауыл шаруашылығы колледжінде де дәл осындай мазмұнда жастармен кездесу өтті. ЖАНТ мүшесі, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің наиб имамы Мұрат Досаналиев Жолдау жүктеген міндеттерді, соның ішінде жемқорлық факторларын болдырмау, терроризммен күресудің тиімді жолдары туралы айтты. Ислам дінінің өзге біреуді өлтірмек түгілі, оған жәбір көрсетіп, жапа шектіруден, оның ақысын жеуден, жемқорлық сынды жиіркенішті, күнәлі істерден қайтаратындығын айтты. Ал қалалық №44 балабақшада болған кездесуде діни экстремизм мен терроризм турасында кеңірек мағлұмат беріп, ағым мен ата діннің ара жігін қалай ажыратуға болатындығына, олардың бір-бірінен сенім мен құлшылықтағы айырмашылықтарына тоқталып өтті. Жиынға балабақшаның тәрбиешілері мен тәрбиеленушілердің ата-аналары қатысты.
Аталған кездесулерде жалпы саны 250-ге жуық адам қамтылып, топтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.02.2017
3196
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру