
Маңғыстау ауданы, Шетпе кентінде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруыменен келелі жиын өтті. «Садақа өткізудің Маңғыстаулық ортақ әдебі» деп аталған шараға облыстық Дін істер басқармасының бөлім басшысы Иса Есенәлі, аудан әкімі Айтуар Жармағамбетов, Ақтау қалалық мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Қосниязов, Маңғыстау аудандық мешітінің бас имамы Іздібай Қобланов, сондай-ақ, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Жиында ақсақалдар атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманқос Ертілеуов қазіргі таңда ел арасында садақа жасау кезінде орын алатын ысырапшылдық пен бәсекенің бұрыстығын, садақаны өткізу әдебіндегі кездесіп жүрген олқылықтар жайында айтып, бұл кемшіліктерді жою жолдарын ұсынды.
Ақтау қалалық мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Қосниязов ҚМДБ-ның жаназа тәртібі туралы пәтуасымен таныстырып, Алла Тағаланың ысырапшылдықты жақсы көрмейтіндігі туралы Құранда айтқанын, пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Дарияның жағасында тұрсаңдар да ысырап етпеңдер» деген хадисін айтып, қайтыс болған адамды шариғат жолымен шығарып салудың сауабы жайында әңгімеледі.
Жиында 7 мәселе талқыға салынды, яғни, жаназа намазына толық қатысу, садақа дастарханы, марқұмға бата оқу, қонақасы, тамсадақа, зекет беру туралы тақырыптар жеке-жеке талданып, жиналған халықтың ой-пікірлері тыңдалды. Көпшілік қауым бірауыздан қолдайтындығын білдіріп, жаназа мен садақа тәртібінің жалпыға ортақ ережесі болуына келісетіндіктерін жеткізді.
Жиынды ұйымдастырушылар бұл шара осымен тоқтап қалмайтындығын, алдағы уақытта өңірдегі басқа аудандарда да жалғасын табатындығын айтты.
Маңғыстау облыстық орталық мештінің баспасөз қызметі
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.02.2017
4025
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру