Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодарда «Отбасым-алтын діңгегім» отбасылық сайысы өтті (ФОТО)

17.02.2017 5286 0 пікір

Осы бейсенбі күні Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті әйелдер-қыздар секторының жетекші ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызының ұйымдастыруымен енелер мен келіндердің  арасында «Отбасым – алтын діңгегім» атты  отбасылық сайыс өткізілді. Сайыстың мақсаты қазақтың салтын сақтап, оны құнды  қазынасындай көріп, дәстүрін ұрпағына дәріптеген асыл әжелер және енесінің ізін жалғап  тәрбиенің алтын бесігін тербетіп отырған, бүгінгі жас келін, ертеңгі алаштың анасы, яғни қазақтың асыл енелері мен ізетті келіндерінің нақ үлгісін дәріптеу болмақ.

Сайысқа ене мен келін рөлінде 5 жұп қатысты. Олардың өнерін арнайы әділқазылар бағалады.

Алдымен «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Хасан Аманқұлов дініміздегі әйелдердің орны, бүгінгі таңдағы қазақ  әйелдерінің қоғам алдындағы міндеті туралы қысқа да нұсқа тұщымды әңгіме айтты. Келесі кезекте сайыстың бағдарламасы бойынша бірінші кезеңде жұптар өздерін көркем мәтінмен таныстыру, екінші кезеңде арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беру, үшінші кезеңде шариғат шеңберінде халқымыздың бай салт-дәстүріміздің көріністерін ортаға салады. Ал төртінші қазақтың ұлттық тағамын дайындап келу (үй тапсырмасы)  оны таныстыру, ол тағамдардың пайдасы туралы  әңгімеледі.

Сайысқа  қатысушылар әуелде отбасындағы ең  нәзік тұс – ене мен келін қарым-қатынасы, ененің даналығы мен келіннің сыйластығы, екі жақтың бір–біріне деген ізгі ілтипаты, отбасының берекесі мен мерекесін дәріптеп, сайыстап ой ұшқырлығын сынайтын  екінші кезеңінде өткір сұрақтарға тұщымды жауап беріп, келесі кезеңдерде: 

Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!

 Көл-дария секілді пейілдері-ай!

«Абысын тату болса, ас көп» деген

Мақалдың айтылуы тегін бе еді-ай?! – демекші сайыстың он саусағынан бал тамған келіндеріміздің, дайындап келген арнайы тағамдары арқылы қай келіннің асты шебер дайындай алатынын сарпақа салып өзара бәсекелесті.


Нәтижесінде:

Зейінжамал апа,  келіні Әсем Сәрсенбекқызы,

Рысты апа келіні Салтанат Абайқызы,

Баян апа келіні Динара Қанатқызы,

Машур апа,  келіні Бақыт Масғутқызы,

Баян апай келіні Қарлығаш Ертасқызы болып бөлінген  «Ене мен келін» жұптары «Өнегелі отбасы», «Өнерлі отбасы», «Көрермендер көзайымы отбасы», «Білімді отбасы», «Ынтымақты отбасы» номинациялары бойынша сый –сияпаттарға ие болды.

Сайыс арасында көрермендерге  өнегелі отбасы жайлы бейнеролик те көрсетіледі.

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы сайысты қорытындылап сөйлеген сөзінде: «Халқымыз үшін дін мен дәстүр ажырамас, сабақтасқан дүние. «Сендердің ең жақсыларың – отбасы мүшелеріне жақсы мәміледе болғандарың...» делінеді хадисте. Ақылды да дана аналардың көрегендігі отбасындағы ынтымақтың бірден-бір себепшісі. Ендеше, келіннің  жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы, ең алдымен, оның еріне деген сый-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәлім-тәрбиесінен байланысты екен. Өйткені ене – келіннің екінші анасы. Сондықтан келіннің енеден үйренері, алар тәлімі көп. Бүгін келін болып отырған жас қыз, ертеңгі күні өзі де ене атанып, келін тәрбиелейтіні – өмір заңдылығы. Бүгін ол енесінен үйренгенін ертең өз келініне үйретеді. Міне, дәстүрлі тәрбие мектебі, осылайша, ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып, қанат жайып кете береді. Бүгінгі отбасылық  сайысымыз өте нәтижелі болды, өйткені көрермендеріміз көп, әрі олардың дені жас қыз-келіншектер болды»,-деді.

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру