Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау: «Иманғали» орталық мешітінде «Әжелер мектебі» құрылды

13.02.2017 4452 0 пікір

«Иманғали» орталық мешітінде «Әжелер мектебі» құрылды. Мектептің тұсау кесер салтанаты «Қазақ отбасындағы әжелердің орны» атты тақырыпқа арналды. Қазақтың байырғы салт-дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында өткен дөңгелек үстелді ҚМДБ-ның Әйел-қыздар секторы Атырау өкілдігі бойынша жетекшісі Айжарқын Түзелова жүргізді.

Дөңгелек үстелге Қазақстан қажылар қауымдастығы Атырау облысы бойынша төрайымы Жұмагүл қажы Нәсиқызы, облыстық адвокаттар ұйымы төрайымы Айсұлу қажы Қайырқызы, химия пәнінің мұғалімі Елена қажы Ізімқызы қатысып, қазақ отбасы тарихындағы әжелер мен аналардың орнына тоқталып, қандай қилы заманда да ар-намысы биік болған қазақ әйелдерінің кісілік болмысы туралы әңгіме өрбітті. Анасы тұрғанда қыздары сөйлемеген қазақ отбасындағы ерекше сыйластық пен ізеттіліктің асқақ үлгісін мысалға келтіре отырып, оның пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінен бастау алатынын айтты.

25 әйел жамағатынан тұратын «Әжелер мектебінің» құрамына кебінші аналар мен мешіт кезекшілері де қосылды. Ал, төрайымы Ж.Нәсиқызы болып тағайындалды.

Айта кетеу керек, «Әжелер мектебінің» тұсаукесер салтанатына арнайы кимешек тігіп келген аналарымыздың бастамасы көпшілік тарапынан қолдау тапты. Кимешектің өте ыңғайлы киім үлгісі екенін сөз еткен олар оны алдағы уақытта да киім кию үрдісіне айналдыру туралы өзара келісімге келді.

Ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлттық киім үлгісін жандардыру сияқты ізгі іске ұмтылған аналарымыздың ісіне сәттілік тілейміз! Алла тағала қадамдарын сауаптан жазсын!

Гүлбану Нұрымқызы,

«Иманғали» орталық мешітінің

баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру