Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

"Әйелдер-қыздар" секторы Универсиаданы қолдау мақсатында спорттық сайыс өткізді

07.02.2017 3970 0 пікір

Универсиада сынды әлемдік додада ел намысын қорғаған отандық спортшыларымыз ойынның сегіз күнінің ішінде қоржынды 10 алтынмен толтырып үлгерді. Жалпы есеп бойынша 20-дан аса жүлделі медальдарға ие болып, алғашқы үздік үштіктің сапына іліккен оларды күллі қазақстандықтар ерекше мақтан етеді. 

Айтулы додада бағын сынап жатқан отандық спортшыларға қолдау білдірген ақтөбелік жамағат та Универсиадаға үн қосты. ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша "Әйелдер-қыздар" секторының ұйымдастыруымен жексенбі күні әйелдер мен қыз-келіншектер арасында шаңғы тебу және конькиде сырғанаудан спорттық сайыс өтті. Жарысқа қатысушы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен қалалық орталық мешітінің әйелдерге арналған діни сауат ашу курстарында тәлім алып жатқан ақ жаулықты әжелеріміз мен әпкелеріміз, ару қыздарымызға дейін бұл бастаманы батыл қолдады. Салауаттылықты сүюі тиіс мұсылманның тәндегі ақысын өтеп, таза ауада демалды әрі дене шынықтырды, көппен бірге көңіл сергітіп қайтты.

Жарыс «Береке» демалыс орталығында өтті. Конькимен сырғанау сайысына қатысқан әйел жамағатының әуесқой спортшылары үш кезең бойынша бақ сынады. 

Шаңғы тебуден сайысқа түскен спортшылар да бірнеше кезең бойынша сыналып, алғашқы кезеңде жарты шақырымдық айналымды шаңғымен сырғанап, жүріп өтті. 

Бұл кезеңде қатысушылар уақытқа сырғанаудан жарысты. Алты спортшының ішінде жақсы нәтиже көрсеткен үздік үшеуі ғана ақтық мәреге жетті. Соңғы кезеңде жүйріктіктерін және бір рет сынап жарысқан үш шаңғышының шапшаңдығы уақытқа есептеліп, ойын ең үздік анықталғанға дейін жалғасты.


Қос сайыстың қорытындысы бойынша алты бірдей әуесқой спортшыларымыз үздік деп танылып, жүлделі І, ІІ және ІІІ орындарды иеленді. Атап айтқанда, конькиде сырғанаудан Әлия Кушкимбаева жеңімпаз атанса, Гүлсамал Бисенбаева ІІ орын және қалалық №40 мектептің оқушысы Мөлдір Аңсатқызы ІІІ орынды иеленді. Ал шаңғы тебуден Каникулова Гүлжанның бабы шауып, І орынды жеңіп алса, қарсыласына уақыттан есе жіберген қаладағы №40 мектептің оқушысы Дана Аңсатқызы ІІ орыннан көрінді. Ал Рақыш Кошкинбаева үздік үштікті қорытындылады. Сектор меңгерушісі Диляром Бектаева және әйел ұстаздар Кенжегул Кушкарова, Бақыт Жансүгірова жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, өкіл имам Төлеби Оспанның атынан «Мадақтама қағаздарымен» марапаттады. Сыйлықтар үйлестіріліп, естелікке кітаптар табысталды. Ойын кезінде қарсыластарына есе жіберіп алған өзге алты спортшы да ынталандыру сыйлықтарына ие болып, «Алғыс хаттармен» марапатталды. Одан  бөлек жарысқа қатысып, белсенділік танытқандарға да естелікке сыйлықтар берілді.

Қыстың қызығына тоймайтын балалардан қалыс қалмай, сырғанақ тепкен апалар мен аруларымыз да уақытты қызықты өткізді. Сайыс соңында бәрі бірге түскі ас, ыстық шай ішіп, бойларын жылытты, бір-бірлеріне ізгі тілектер тілесіп, осындай басқосуды, ортақ ауызбіршілікті нәсіп еткен  Аллаға сансыз шүкірліктер айтып, тарқасты.

 

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру