Бүгін елімізге белгілі исламтанушы, дінтанушы білікті ұстаздардың бірі қасиетті Құран хафизі Еркінбек Шоқай "Нұр-Мүбарак" студенттеріне арнайы ашық лекция өткізді. «Исламтану» кафедрасының меңгерішісі доктор Шамшәт Әділбаева ханым кездесу басында бұл жиынның маңыздылығын қысқаша түсіндіріп өтті. Негізгі тақырып ислам атын жамылып, әлемді әбігерге салған ең сорақы террористік-лаңкестік ұйым ДАИШ-тің айла-әрекеттері жайлы. Әлбетте, бұл университетте негізгі пәндер ислам, дін саласын қамтыса да қоғам үшін қауіпті тақырыптар қайта-қайта пысықтауды талап етуде. Себебі, заманымыздың аждаһасына айналған айлакер ұйымдар, әсіресе, ақпараттық технология мүмкіндіктері арқылы “аңқау елге — арамза молданың” керін келтіруде.
Шам елінің астан-кестеңін шығарып, жазықсыз жандардың қанын мойнына жүктеген ДАИШ ұйымының шығу тегі мен жамылған бетпердесі жайлы жіті түсіндірген Еркінбек Шоқай мырза:
- Бұл ДАИШ содырларының өзге лаңкестік ұйымдардан айырмасы олар бүгінде әлеуметтік желі, ақпарат құралдары арқылы өте белсенді жұмыс жасауда. Байқасаңыздар, олардың алғашқы бейнероликтері сапасыз болса, қазір кәсіби деңгейде жасап таратуда. Негізгі иедеясында сәләфизм жасырылған бұл ұйым басып алған елді-мекендеріндегі бүкіл мал-мүлкіті оңай олжалап, айуандық әрекеттеріне жұмсауда. Тіпті басып алған аймақтағы ақсақалдарды көсемдері әл-Бағдадиге қол бермегені үшін өлім жазасына кесіп, әйелдер қауымын құлдық дәуірдегідей қолжаулыққа айналдыруда, -деп ДАИШ-тің қарапайым адамдарды арбау тәсілдері мен белгілерін жан-жақты жеткізді.
ДАИШ лаңкестік ұйымының қалыптасуы, Ирак, Сирия елдерінде пайда болу алғы шарттары, орнығуы, соғыс әскери әрекеттері, қаржы, білім беру жүйесі, өз қауіпсіздіктері мен үгіт-насихатқа күш салу жағдайлары талқыланды. Оларды қолдаушылар мен көсемдері, негізгі бағыт-бағдары, адамдарды арбауы айтылды. Көбіне соғыс тұтанған елдерден табылып тамыр жаятын ДАИШ әрекеттері қанша әшкереленсе де олардың арбауына түсіп жатқандар аз емес. Оның барлығы діни теріс түсініктің жетегіндегі сауатсыздық пен надандық. Негізгі желеу “Ислам халифатын құру жолындағы жиһад” деген миф болса да соны рас көріп айтаққа ерген отандастарымыз да баршылық. Ақиқат пен адасуды ажыратуда қарапайым халыққа жол сілтеуші исламтанушы, дінтанушы студенттер маман болатын күндерін күтпей-ақ, ел арасында шынайы ақпарат жеткізуге де мүдделілік танытуы — уақыт талабы. Себебі, ел болашағы иманды жастардың белсенділігі мен отансүйгіштігін айқын танытуына да байланысты. Сондықтан қасиетті жұмадағы “Нұр-Мүбарак” университетіндегі білікті маманның жастармен кездесуі өзге білім ордалары мен тәрбие шаңырақтары үшін де өнеге боларлық.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.01.2017
3616
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру