Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Нұр-Мүбарак білімгерлері Мысырда бірнеше маңызды кездесулерге қатысты

25.01.2017 3468 0 пікір

«Нұр-Мүбарак» университетінің ғылым жолындағы бір топ докторант-магистранттары қазір көне Мысыр елінде шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтуде. Олар дәрістер мен кітапханадағы тынымсыз ізденістер арасында бірқатар маңызды кездесулерге де қатысты.

«Нұр-Мүбарак» университеті ректоры, профессор Жуда Абдулғани Басюни бастаған топ  әуелі Египет Араб Республикасының ең лауазымды діни тұлғасы "Азһар Шейxы" Аxмад ат-Тайып мырзамен кездесті. Нұр-Мүбарактық топ өз ойларын ортаға салып, болашақ жоспарларымен бөлісті. Бұл қазақстандық шәкірттер үшін аса маңызды жүздесу болғаны сөзсіз. Себебі шейх Ахмад мырза Мысырдағы бүкіл ғұламалардың ең жауапты да мәртебелі міндетін арқалаған тұлға. Сондықтан біздің тағылымдамаға аттанған топ  Азһар шейхының ақыл-кеңестеріне мұқият мән беріп, кездесу соңында естелік сыйлық табыс етіп, суретке түсті. Кездесулерге тек Нұр-Мүбарак делегациясы ғана емес ЕАР-ғы ҚР  Төтенше және өкілетті елшісінің міндетін атқарушы Бақыт Арыстан мырза бастаған өкілдер де қатысты. 

Сондай-ақ ЕАР мүфтиі профессор Шауқи Ибраһим Аллам мырза да профессор Жуда Басюни бастаған білім ізденушілер тобымен жүздесу барысында емен-жарқын сөйлесті.   

Ал ЕАР Уақфтар  министрі профессор Мұxтар Жұмамен кездесудегі тақырып кең көлемде өтті. Қазақ жеріне 2 рет арнайы іссапармен келген министр өз сөзінде:

- Қазақстанды құрметейміз. Екі рет барған іссапарымда өте керемет дүниелерге куә болдым. Қазақ халқы аса жомарт, қонақжай екен. Сондай-ақ Қазақстан азаматтардың тек дініне, ұлтына қарамайды, кім болса да адамды адам деп құрметтейтін мемлекет. Бұл бейбіт өмір сүрудің үлкен белгісі. Бейбітшілікті бұзатын деструктивті ағымдар қазіргі уақытта адамнан адамға тікелей емес, технологиялық жүйе, яғни телефон, ғаламтор, БАҚ арқылы тарап жатыр. Бұл да надандық белгісі. Өйткені, әрбір хайырлы іс, сауапты іс - бұл ислам. Ал қатыгездік ислам емес,-деді.


Ал ҚР Төтенше және өкілетті елшісінің міндетін атқарушы Бақыт Арыстан мырза Қазақстан атынан зор алғысын білдіре отырып, ЕАР Президенті Абдул-Фаттах Ас-СИСИДІҢ  Қазақстанға өзге елдерден бұрын зиярат жасағанын баса айтты. Бұл да қос ел арасындағы тығыз байланыстың нышаны деген Бақыт Арыстан мырза: “Бүкіл нәрсе уақыттан қорқады. Ал уақыт пирамидалардан қорқады”,-деген тәмсілмен мысырлықтарға ыстық  ықыласын білдіре келе:

- Біз бір бірімізге әрдайым көмектесуіміз керек. Бұл өзара қамқорлық көнеден, сонау сұлтан Бейбарыс, Әл-Фараби бабаларымыздан келе жатыр,-деп, министр, доктор Мұхтар Жұманың елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап шығарған жыр жолдарының қазақша аудармасын оқып берді.

Лауазымды қос азаматтың ерекше ілтипатты сөздерінен кейін ректор, профессор Жуда Басюни мырза да алғысын білдіріп, докторант-магистранттарға: “Бұл Мысыр сендердің де елдерің, Әл-Азһар сендердің де білім орындарың. Нұр-Мүбарактағы ғалымдардың білім алып, өсіп өнген мекені,-деп, министр Мұхтар Жұмаға университеттің академиялық киімін тарту етті. Ал қашанда жаңа бастамаларымен ерекшеленетін министр болса, “Нұр-Мүбарактың”  арнайы тарихи тіркеме кітабы болу керектігін, онда  Мысыр тарапынан барған ұстаздардың барлығы нақты жазылса, бұл оқу орнының абыройына оң ықпал етеді деген пікірімен бөлісті. Сондай-ақ студенттердің саны мен сапасы. Қазақстанға баратын ұстаздардың  кемі 5 жылдық тәжірибесі болу керектігі, т.б. мәселелер жан-жақты талқыланды.   

Министр мырза шәкірттердің талап-тілектеріне мән беріп қана қоймай, белсенді түрде жазып алып отырды. Себебі Мысыр елінің ежелден діни бауырлас қазақ еліне деген ілтипаты ерекше. Сондықтан, екі ел арасындағы қарым-қатынаста салмақты орны бар министр Мұхтар Жұма бұл арада өз мүдделілігіне аса жауапкершілік танытып келе жатқан тұлға екенін атап өтейік. Біздің делегация барлық кездесу барысында естелік суретке түсіп, жылы жүздесудің естелігі іспеттес қазақы кәделерді сыйға тартты.    

Бірнеше маңызды кездесулерден ерекше әсерленген докторант-магистранттар ғылыми ізденістеріне жаңа леппен тың ой-пікірлерге жолдама алғандай. Біз де мың жылдан аса ислам әлемінің руханиятын қордалаған көне тарихи мекендегі қазақ ілім ізденушілеріне сәттілік тілеп, елге пайдалы маңызды мәліметтерді олжалайды деген сенім білдіреміз!

Айша КЕҢЕСБАЙ

“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру