Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мешіттегі қызмет көрсету халық ықыласына бөленді

19.01.2017 4576 0 пікір

"Ғылмани" мешітінде іске қосылған діни қызмет көрсету түрі халық ықыласына бөленуде.

Мешіт - имандылық ордасы. Білім-ғылыммен сусындап, дүние  ақыреттік істерін реттеп ұстауға жол нұсқайтын рухани орталық. Астана қаласында осындай 7 мешіт жұмыс жасайды. Күнделікті келушілерге діни білім үйретеді, жол көрсетеді, ақыл-кеңес береді. Қамыққанның қайғысына ортақ болады, жылағанды жұбатады, ұрысқанды татуластырады... Әйтеуір, "бауырым" ғой деп "адамзаттың бәрін" сүйіп, күні-түні халыққа қызмет көрсетеді.

Елорданың тұрғындары көбейген сайын мешіттер тынымсыз тіршілікке толып келеді. Күн демей, түн демей имандылық көмекке, діни жоралғыларды атқаруға мұқтаж ағайынның барлығына қол ұшын береді. Сондай мешіттердің бірі "Сәдуақас қажы Ғылмани" мешіті.

"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітіндегі қауырт жұмыс тіптен ерекше. Халық ең көп шоғырланған ауданға орналасқан, тоғыз жолдың торабындағы мешіттің қызметкерлері үшін әрбір таң - қара ормандай халыққа қызмет көрсетіп, Хақтың разылығын табудың таптырмас мүмкіндігі. Олай дейтініміз, келушілердің аяғы қақаған аязды күнде де саябырламайды. Құлшылық ордасына біреу тірісінің мұқтажын біліп, мәселесін шешпекке бас сұғады, біреу ауырған жаны мен тәніне шипа тілеп келсе, сол секілді мешітке келушілердің ішінде енді бір өзгеше топ бар. Олар, Алла үйінен ақтық сапарға шығу үшін әкелінеді.


Пәтерден пәтерді жағалап немесе бір бөлмелі аядай үйде тұратын ағайын үшін "қайтқан" кісіні жуындырып, кебіндеудің өзі үлкен бір машақат. Міне, ағайынның осындай мұқтажын ойлаған ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің тапсырмасы аясында мешіт жанынан "мәйіт тәрбиелеу" қызметі іске қосылғалы біраз жылдың жүзі болды. Жыл бойы имандылық ордасының бұл қызметіне жүгінген мұсылманның қай-қайсысы болсын, мешіт ұжымының қызметіне тәнті болып, ықыласпен ыстық лебіздерін білдіріп, шын жүректен алғыс айтуда.

Бүгінгі күндері бағзы біреулер жалға беріп отырған пәтерінде мәйітті жуғызғысы келмейді. Ал, біреулер мәйіттің иесі бола тұра қайтыс болған кісіні жуындырып, кебіндеуге жүрегі дауаламайды. Тіпті жиіркенетін жағдайлар да ұшырасып жатады. Бірақ басым көпшілік шарасыздықтан (қожайынның пәтерде жууға рұқсат бермеуі, үйдің тар болуы, тіпті істің ыңғайын білмеу де бар) мешітке алып келеді.

Мұндай жағдайда мешіт қызметкерлері мәйітті жуып, кебіндеп, ақтық сапарға толыққанды (жаназа) дайындайды.

Қала берді, соңғы бірнеше жыл ішінде мешіт қызметкерлері қайтыс болған асыраушысы жоқ, иесіз жандарды мешіт қаражатымен ақтық сапарға шығарып салып келеді.

Көптің алқауына бөленген қызмет көрсету түрін ұйымдастырып, халық игілігіне ұсынған мешіт ұжымына Алла разы болғай!

Sunna.kz

"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру