15 қаңтар күні «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен қаладағы Жастар сарайында «Сағыныш үні» атты рухани Мәуліт кеші өтті.
Үмметіне үлгі бола білген Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сағынған қалың жамағат залды лық тоқтырды. Сол сағынышымның мауқын басармын деген оймен келген әрбір көрерменнің көзінде екі дүние сардарына деген шексіз сүйіспеншілік, әркім Жәннатта сүйгенімен бірге болатындығы жайлы хадиске негізделген нық үміт және Алла нәбиінің кәусар бұлағынан су ішер үмметтің ішіне ілігем бе, ілікпеймін бе деген күмән аралас қорқыныш та бірдей көрініп тұрғандай еді.
Қараңғылықты нұрымен қаптап, қауымын надандықтан қайтарған Мұхаммедтей (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйікті Пайғамбарымыздың туылуымен сүйіншілеген шағын бейнероликпен кештің шымылдығы ашылды. Кемел қасиеттерге ие екі дүние сұлтанының көркем мінезділігі мен көрегенділігі, мінсіздігі мен мейірбандылығы жайлы «Сіз оны танисыз ба?» атты монолог оқылғанда кейінгі үмметтің Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілігі мен сағынышы одан бетер артқандай болды. Оған уахи етіп түсірілген иләһи Кітаптан Құран оқылып, кештің жалғасы әсерлі көріністермен, әсем әуендермен жалғасты. Астана қаласынан арнайы шақыртылған Сержанәлі Әлібек, Арман Ғабдуллин, Қанатбек Полатбек, Салауат Сәңкібай сынды әншілер» ислами тақырыптағы «Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат», «Сағыныш», «Кешір Алла», «Ақиқат нұры», т.б. әндерін шырқап, «Елшіге қарап бой түзе» атты термесі айтылды.
Кеште ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Бас имамы Төлеби Оспан, кешке арнайы шақыртылған Алматы қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерсін Әміре және "Нұр Мүбәрак" Египет Ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы Қайрат Құрманбаев Пайғамбарымыздай (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таңдаулы тұлғаның кіршіксіздігін, кең жүректілігін, бойындағы ізгі қасиеттерін баяндап, сөз сөйледі. Оның әлемдерге рахым ретінде жіберілгендігін, «үмметім, үмметім» деп, қауымының күнәларының кешірімін тілегенін, Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктің Аллаға деген махаббатқа ұласатындығын айтып, Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүюге, оның салған жолымен – сүннетімен жүруге шақырды.
Жұманазар Садырханов, Арман Ғабдуллин және «Ақтөбе медресесі» колледжінің студенттерінің орындауында қазақша Мәуліт салауаты оқылып, сахна жұлдыздары Жанқалдыбек Төленбаев, Әділ Ахметов, Бақыт Қажыбаев және Т.Ахтанов атындағы драма театрының әртістері пайғамбарлықтың алғашқы жылдарынан тамаша сахналық көріністер ұсынды.
Кеш соңында Ақан Бекежан қажы мен өкіл имам Төлеби Дәділұлы кеш билеттерінен жиналған қаражаттан 9 бірдей мұқтаж кісіге 50 000 теңгеден және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Жаңақоныс ауылындағы «Бақытжан» мешітінің бас имамына 100 000 теңгені табыстады.
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық
мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.01.2017
3574
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру