Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Алтын алқалы аналарға – тосын сый» жобасы жалғасуда (ФОТО)

06.01.2017 4235 0 пікір

«Зекет» қорының  Астана қаласындағы өкілдігі ұйымдастырған «Алтын алқалы анаға - тосын сый» жобасы жалғасын тауып, 8 баланың анасы Әлеу Бүлекбайға құрмет көрсетілді. Алтын құрсақты анамызға өкілдік атынан сыйлықтар табысталып, қаржылай қолдау көрсетілді.

Әлеу анамыздың отбасы 2011- жылы Моңғолиядан көшіп келген, Бүгінде үлкені 19 жаста, кенжесіне 1 жас 9 ай. Қараөткел ауылдық округінде 30 мың теңгеге үй жалдап тұрады. Жолдасының 70 мыңға жетер-жетпес жалақысын үнемдеп, тәттілер пісіріп сатып, өз әрекетін жасап, үйінің берекетін асырып жүрген жан. Бес парызына да мұқият осындай анамыз қаншама жастарға үлгі десеңізші!

Аталмыш шараға Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығы Астана қаласы өкілдігінің жетекшісі Қарлығаш Бекпатшақызы, «Спа-центр Шипажай» орталығының директоры Дәметкен Алпысбаева, «Қазақстан» Ұлттық арнасының жүргізушісі Гүлназ Әлімгерей, Суретшілер одағының мүшесі Әлия Қанибекова және астаналық «Зекет» қорының жобаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіп жүрген белсенді жомарт жандар атсалысты.

Шара барысында бала тәрбиесі, қазақылық пен имандылық, жомарттық тақырыптары қозғалып, қонақтар өз өмір тәжірибелерімен бөлісті. Елордалық «Зекет» қоры қызметкерлері Дина Боранбаева, Алма Шаукен, Жанар Елдосқызына, «Нұр Астана» мешіті жанындағы сауат ашу курсы орталығының қызметкері Алима Сағындыққызына, белсенді еріктілер Әлия Қанибекова, Айгүл Сауранқызы, Камила Аманжоловаға қор директоры Әнуар Болатұлы атынан алғыс хаттар табысталды.

Жиналғандар жобаны тұрақты түрде ұйымдастырып отырған қор жетекшісі Калия Қайыпқызына да ыстық ықыластарын жеткізді. Қор ұйымдастыруымен осы уақытқа дейін 15 анаға 2 миллион теңгеден астам қаражат жиналыпты.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «... тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Алла тағы есесін береді» («Сәбә» сүресі, 39-аят), - деп бұйырады. Ендеше, аналарымызға жасаған сый-сыяпаттарыңыз еселеп қайтсын дейміз! Себебі, тұрмыс тауқыметінен қорықпай, ел демографиясына өз үлестерін қосып жүрген алтын құрсақты аналар қандай құрметке болсын лайық емес пе?!

 
 
 
Muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру