Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Зайырлылық туралы жан-жақты жеткізілді

27.12.2016 5060 0 пікір

«Нұр-Мүбарак»  университеті  діни мамандарды зайырлы қоғамның толыққанды білімді де білікті азаматы болуына жан-жақты  жұмыс жасауда. Соның бір дәлелі  PhD докторы Қалмахан Ержан басқаратын «Дінтану» кафедрасының ұстазы, филос.ғ.к., доцент Базар Хамзееваның жетекшілігімен «Зайырлы қоғам құндылықтары» атты ашық сабағы өткізілді. Бүгінде  әсіресе теріс түсінік жетегінде жүрген кейбір мұсылман жамағаты арасында өте өзекті тақырыпқа айналған бұл мәселеде «Дінтанушы , исламтанушы мамандар нені білуі тиіс?»-деген сауал  ашық дәрістің өзегі  болды. Лектор филос.ғ.д.  Қайрат Затов студенттер мен магистранттарды толғандырған сұрақтарға жауап бере келе, әлемдегі  мемлекеттік құрылымдардың ерекшеліктеріне тоқталды.

Расында бүгінде зайырлылықты «тағұт» деп шатастырып адасып жүргендер аз емес. Ал исламтанушылар «Тағұт»  сөзінің мағынасы күпірлік, шектен шығу дегенді білдіретінін айтады. Бұл сөзді бүгінде сәләфизм ішіндегі такфир жамағаты көп қолданады. Олар  өздеріне ермегендердің барлығын, яғни такфирлік идеяны қолдамайтындарды тағұтқа табынушы, ал зайырлы мемлекетті тағұт елі деп санайды. 

Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 256-ші аятында: «Алла иман келтіргендердің қамқоршысы. (Жаратқаның) мұсылман қауымды (рухани) қараңғылықтан (иманның) жарық нұрына шығаратыны да сондықтан. Ал, күпірлік етушілердің досы — тағұт. Сол азғырушы оларды, (иман) жарығынан (надандықтың) қараңғы түнегіне қарай жүруге азғырады» деп айтылған.  Яғни «Тағұт» сөзі шайтанның жолын ұстану деген мағынада келген.  Ал әрбір азаматтың сенім-нанымына, діни ұстанымына еркіндік беріп, құлшылығына мүмкіндік беруші ежелден мұсылман қазақ еліне осындай ауыр айып тағу, ислам құндылықтарын салт-дәстүріне айналдырып, оны ұрпақтан ұрпаққа ата салтымен, ана сүтімен сіңіре білген қазақ елін тағұт мемлекеті деп санау – адасушылық қана емес, барып тұрған қылмыс екені даусыз. Сондықтан, болашақ дін мамандары осы мәселені терең білу керектігін Базар Хамзеева ханымның ұйымдастыруымен өткен ашық дәрісте студент, магистранттар жан-жақты ұғына түсті деуге болады.

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру