Ардақты пайғамбарымыздың ﷺ өмірге келген Мәуліт айында кең көлемде рухани шаралар ұйымдастырып, атап өту туралы ҚМДБ-дан өкілдіктерге тапсырмалар жүктеген болатын. Осы тапсырма аясында Өскемен аймағы өкілдігі облыс орталығында мәуліт мерекесін атап өтті.
Өскемен қаласының орталығындағы Металлургтер мәдениет сарайы көрермендерге лық толды. Рухани кешке аудан, қала имамдары, жамағаттар, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, жастар келіп тамашалады.
Халықтың таң азаннан еңселі сарайға толассыз ағылуынан-ақ олардың осынау қасиетті айға деген сағынышын, Алла Елшісіне ﷺ деген ізгі құрметін көруге болады. Алыс аудандардан, қала сыртындағы ауылдардан келушілер үшін өкілдіктен арнайы тегін көлік ұйымдастырылды.
Жиын қасиетті Құран оқумен басталды. Бұдан соң Ардақты пайғамбарымыздың ﷺ өмірінен бейне ролик көрсетілді. Сонымен қатар Өскемен өкілдігінің ағымдағы жылы атқарған шараларының есебі бейнеролик түрінде көрермендерге ұсынылды.
ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы көрермендерді және өңір жұртшылығын Мәуліт мерекесімен құттықтап сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Ардақты пайғамбарымыздың өмір есігін ашқан Мәуліт мерекесін лайықты белгілеу біздің басты парызымыз. Алла Елшісі ﷺ шын мәнісіндегі барлық адамзаттың ардақтысы. Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі мен тағылымы сарқылмас рухани қазына» деп атап өтті.
Сахнаға өңірде алғаш рет құрылған мәуліт оқитын топтың жас өрен шәкірттер шығып, Адамзаттың Ардақтысы пайғамбарымызға ﷺ мәуліт оқып, салауат айтты.
Құттықтаулардан соң облыстағы танымал өнерпаздар әуелете әсем ән шырқап, күмбірлете күй төкті. Иірімі терең, тыңдаушысын әсерлі ойға жетелейтін термелермен діни әндер шырқалды. Өскемен қаласындағы жоғарғы оқу орындарының өнерлі студент жастары бүгінгі қоғам өмірінен көріністер қойды. Қойылымдарды көрермендер көздеріне жас ала отырып тамашалады. Жиналған қауым өнерпаздардың өнеріне толассыз қол соғумен болды.
Рухани кеш барысында өңірде нәтижелі қызмет атқрып келе жатқан имамдар марапатталды.
Рухани кеш соңынан ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы көрермендерге ризашылық білдіріп, рухани кештің өтуіне жағдай жасаған облыс басшылығына, Мәуліт мерекесіне ат салысқан барлық өнерпаздарға, имамдарға шынайы алғыс айтып, елімізге амандық пен бейбітшілік тіледі.
Көрермендер мәуліт мерекесін жоғарғы деңгейде ұйымдастырған Өскемен аймағы өкілдігіне ризашылық білдірді.
Рухани шара барысында өкілдіктің атқарған шараларынан көлемді фото көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар көрермендер ежелгі жәдігерлердің, көне Құран кітаптардың көрмесін тамашалады.
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.12.2016
3883
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру