Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әйелдерге арналған Мәуліт кеші өтті (фото)

22.12.2016 3805 0 пікір

"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешіті әйел жамағатына арналған Мәуліт мерекесі өткізілді. 

Айтізбесі бойынша бұл ай - Мүбәрак Мәуліт мерекесі бар Рабиғул-аууал айы. Мәуліт мерекесі - Ғаламдардың рахым нұры, Екі дүниенің Сұлтаны, қараңғылықта қалғыған адамзат әлемін жарық нұрға бастаушы, Адамзаттың ұстазы Мұхаммед Мұстафа дүниеге келгеніне, әлемдерге жіберілгеніне шүкіршілік етудің тарихтан қалған асыл өнегесі.

"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешіті жылдағы үрдіс бойынша, бұл айда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыруда. Осыған дейін, Мәуліт оқылып, жамағатқа мерекелік дастархан жайылса, бүгін мешітіміздің әйел жамағатына арналған "Үмметіне үлгі болған Мұхаммед " атты рухани мәуліт кеші өткізілді. 

Аталмыш шарада Астана қаласы, "Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітінің бас имамы Жұманазар қари Өсерханұлы ардақты Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін естеліктер айта келіп, жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, "Нұр Астана" орталық мешітінің ұстазы Динара Құтқожақызы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Эльмира Бұқарбайқызы,  «Достық» татар-башқұрт мәдениет орталығының директоры Яннат Асқатқызы қатысып, әйелдер қауымына Мәуліт мерекесінің ерекшеліктерін айтты. Сондай-ақ, игі шараға  Мамлюк Мусаев, Рашид Алпысбев, Санху Зәкір қатарлы мешітіміздің найб имамдары қатысып жұртшылыққа уағыз-насхат айтты. 

Мерекелік шара аясында 150 адамға мерекелік дастархан жайылды. Рухани кештің бағдарламасы аясында арнайы Мәуліт Шәриф оқылды. Сонымен бірге, арнаулы қонақтар мен ақсамайлы аналар құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің мерейін асырды. Алла Елшісінің ﷺ өнегелі өміріне қатысты сыйлықты сұрақ-жауап сайысы да жиналған жамағатқа Адамзаттың Ұстазы, Пайғамбарлар Сардары Мұхаммед Мұстафаның шұғылалы өмір белестерінен зор мағлұмат берді. 

Шара соңында "Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітінің ұстазы Әлия Аусағатова "тойдан тобықтай" деген қазақтың салтымен айтулы кешке жиналған жамағаттың барлығына тәбәрәк сыйлықтар (ҚМДБ-ның сараптамасынан өткен кітаптар және жайнамаз т.б) таратты.

"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру