
Бүгін Астана қаласындағы Зағиптар орталығында дәріс алатын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Көздері көрмесе де, саусағының ұшымен Құран оқуын меңгеріп, Брайль жүйесі бойынша білім алып жатқан мұндағы шәкірттерге «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі діни сауат ашу курсының сертификаты табысталды.
Жанарынан айырылған жандарға арналған Зағиптар кітапханасында Бақытжамал Кәрібайқызының ұстаздық етіп келе жатқанына бірнеше жыл болған. Тағдырдың жазуымен жер ортасынан асқан шағында жанарынан айырылған Бақытжамал апамыз ұзақ жылдар бойғы ізденісінің арқасында ұстаздығын қайта жалғастырып, Брайль жүйесімен Құран оқытудың бағдарламасын меңгеріп шыққан. Бүгінде Бақытжамал апамыздан дәріс алып, қасиетті Құран Кәрімді саусағымен сипалап отырып-ақ судыратып оқитын 17 шәкірті бар.
Тағдыр сынағына табандылығымен қарсы тұрып қана қоймай, өзге жандардың да өміріне шуақ сыйлаған Бақытжамал Кәрібайқызына «Әзірет Сұлтан» мешіті үнемі қамқорлық көрсетіп, жұмыстарына қолдау танытып келеді. Халықаралық Ұстаздар күні немесе еліміз бойынша аталып өтілетін Мүгедектер күніне орай мешіт атынан арнайы сыйлықтар тарту етіліп, орталықтағы жандармен тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Ал, бүгін Бақытжамал Кәрібайқызы бастаған шәкірттер тобы арнайы «Әзірет Сұлтан» мешітіне шақырылып, құрмет көрсетілді. Қонақтарды ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы өзі қарсы алып, арнайы кездесу өткізді. Көздері көрмесе де, көңілдері сайрап тұрған зерделі жандарға өз алғысын білдіріп, құттықтау лебізін жеткізді. Бақытжамал Кәрібайқызының еңбегін ерекше атап өтіп, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Алғыс хатын» табыстады.
Бұдан кейін барлық шәкірттердің білім деңгейі тексеріліп өтіп, «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі діни сауат ашу курсының І-дәрежелі сертификаттары табысталды. Айта кетейік, биылғы жылы шәкірттер саны 600-ден асқан «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі діни сауат ашу курсының бағдарламасы І және ІІ дәережелі оқу сатысынан тұрады.
Салтанатты шарадан кейін құрметті қонақтарға арнайы дастархан жайылып, тағылымды мәжіліс тағы да жалғасты. Кездесу соңында «Әзірет Сұлтан» мешітінің сертификатына ие болып, көңілдері көкке шарықтаған жандардың қуанышына қуаныш қосқан тағы бір игі шара орын алды. Елімізге белгілі Elite Market Group құрылыс компаниясы Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жылдығына орай зағип жандарға азық-түлік салынған 25 қорап сыйға тартты.













ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
22.12.2016
3495
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру