14 желтоқсан Маңғыстау облысында жаңадан салынған қос мешіттің ашылу салтанаты өтті. Баянды және Маңғыстау ауылдарында бой көтерген имандылық үйлері Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына тарту іспетті болды.
Игі шара алдымен Мұнайлы ауданына қарасты Баянды ауылындағы 300 орынды мешіттің ел игілігіне берілуімен басталды. Өкіл имам С.Сейтбеков пен аудан әкімі Н.Тәжібаев тұрғындардың қуанышты жаңалығын бірге бөлісіп, дін Исламның қанат жаяр ордасының ашылу мерекесіне қатысты. Қасиетті Құран сүрелерімен басталған шарада өкіл имам С.Сейтбеков жиналғандарға мешіттің қадір-қасиеті мен ел Тәуелсіздігінің, ұлт бірлігінің арқасында асыл дініміздің өркен жайып келе жатқандығы туралы айтты. Аудан әкімі Н.Тәжібаев жиылған халықты Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, аудандағы мешіт санының өсуі - халық санының көбейіп, ел тұрмысының артуымен байланыстырды.
Сондай-ақ, дін мен ұлтқа қатар қызмет етіп, ел ішіндегі іргелі істердің басы қасында болып, қол ұшын созған, демеуші, кәсіпкер азаматтар жаңа мешіттің салынуына үлес қосқандары үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Мұнан соң лента қию рәсімі өткізіліп, ауыл ақсақалдарының ақ батасымен көпшілік жаңа мешіттің ішіне еніп, облыстың бас имамына ұйып шүкір намазын оқыды. Су жаңа мешіт екі қабаттан тұрады, әйелдер және ерлер құлшылық ететін кең залы, кітапханасы, сынып бөлмелері бар.
Ел қуанышын еселеген жаңалық осы ауданға қарайтын Маңғыстау ауылында жалғасты. Бұрынғы жүз адамға ғана лайықталған ескі мешіт ауласынан тұрғызылған жаңа мешітке «Миғраж» деген атау беріліпті. 700 адам еркін сиятын бір мұнаралы, бір күмбезді мешіттің құрылысы 3 жылға созылған. Жанашыр қалталы азаматтардың демеушілігімен салынған мешітке 69 млн теңге жұмсалған. Заманауи жабдықтары бар, екі қабаттан тұратын жаңа мешіттің ішінде имамдар бөлмесі мен сауат ашу курстарына арналған сынып бөлмелері де бар.
Қазақ руханиятының тірегіне айналған Ислам құндылықтарын дәріптейтін имандылық ордаларының саны Маңғыстауда артып келе жатыр. Ілім мен білімнің, тәрбие мен тағылымның алтын ұясы халықты имандылыққа шақырып, ел бірлігіне қызмет етері анық.
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.12.2016
3720
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру