Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Хұсам әд-Дин бабамыздың еңбегі халықпен қауышты

15.12.2016 3972 0 пікір

Еліміздің руханиятына, нақтырақ айтсақ, дін саласына тағы жаңа еңбек қосылды. Хұсам ад-Дин Хүсейн ибн Әли ибн Хажжаж ас-Сығанақидің «Ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид»  атты қолжазба еңбегін   белгілі ғалым, «Нұр-Мүбарак»  университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мен докторант, исламтанушы  Серік Тәжібаев әзірледі.

Бұл дәл бүгінгі қоғамымызда дін саласындағы көптеген талас-тартысқа нақты жауап беретін құнды туынды. Себебі, 13-14 ғасырлардағы қазақ даласының перзенті, ислам әлеміне өз қолтаңбасын  қалдырған ғұлама Хұсам ад-Дин ас-Сығанақидың  бұл еңбегі  кәләм мектебінің бірі мәтуриди ақидасы бойынша Ан-Насафидің (1047-1115ж.ж.) «ат-Тамһид» атты кітабына жасалған түсіндірме  қайнар көз ретінде құнды. Ал мәтуридилік  ақида мектебі жайлы талай ғалым жазса, солардың арасында қазақ даласынан  орта ғасырлық жарық жұлдыз Хұсам ад-Дин ас-Сығанақи алғаш рет қалам тартқан. Әлемдік кітапханаларда сақталған көне қолжазба нұсқалары осы күнге дейін зерттелмеген. Себебі ғұлама жайлы деректер мен еңбектері араб тілінде болғандықтан әрі олар әлемнің түкпір-түкпірінде шашылып жатуы қолбайлау болғаны сөзсіз. Ас-Сығанақи жайлы бағалы мәліметтер орта ғасырлық араб кітаптарында кездеседі. Осындай ғалым бабамыз жайлы деректерді жан-жақты жинақтап, бүгінгі ұрпақпен қауыштырып отырған авторлардың жаңа туындысы ислам ілімдерін, оның ішінде кәләм ілімін зерттеуші ғалымдарға, ізденушілерге, студенттерге, сондай-ақ дінге қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған. Әрі бұл ислам дінін елімізге күні кеше келген деп тарихқа топырақ шашушы кейбір топтарға нақты ғылыми дәйек. Сондықтан бүгінгі ел арасында Жаратушының сипатына қатысты сан түрлі талас тудырып, көпшілікті әрі-сәрі күйге итермелеуші топтар осыдан 7-8 ғасыр бұрын жазылған еңбекке үңілсе, өз сауалдарына нақты жауап табары сөзсіз.

Кітап «Нұр-Мүбарак» баспасында арабша, қазақша тілде 434 бетпен жарық көрді. Қазақша бөлімінде ас-Сығанақидың өмірі мен еңбектері жайлы айтылады. Ал оң жағынан басталатын арабша бөлімінде  «Китаб ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид»  деген атаумен ғұламаның қолжазбасы берілген. Яғни араб тілін меңгерген кез-келген азамат орта ғасырлық құнды қолжазбаның нақты мәтіндерімен таныса алады.

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру